Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Режеп Тайип Ердоғанмен бірге түскен фотосын жариялады. Кездесу 13 мамыр күні өткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фото Астанада екі ел басшыларының кездесуі кезінде түсірілген. Кадрдағы жылы атмосфера әлеуметтік желі қолданушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.
Президент жазбасында: «Қадірлі бауырым Режеп Тайип Ердоғанмен резиденциямдағы емен-жарқын әңгімелесу сәтінен. Астана.13 мамыр», деп жазған.
Желі қолданушылары бұл суретті бауырластықтың, өзара құрметтің және түркі халықтарының бірлігінің символы ретінде бағалап, «Қазақстан мен Түркия достығы нығая берсін», «Нағыз бауырластық экраннан да сезіледі», «Халықтарымыздың бірлігі мәңгі болсын» деген жазбалар қалдырған.
Еске сала кетейік, Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен 13 мамыр кешінде келді. Оны әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды.