Алматы қаласында 11-13 маусым аралығында жыл сайынғы New Vision Forum халықаралық бизнес-форумы ұйымдастырылады. Ауқымды шара Орталық Азиядағы ірі іскерлік және технологиялық алаңдардың бірі саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Форумға 4 мыңнан астам кәсіпкер мен 200-ден аса жетекші компания өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Іс-шара барысында технология, менеджмент, геосаясат және бизнесті дамыту мәселелері талқыланады.
Бағдарламаға әлемдік деңгейдегі сарапшылар шақырылған. Олардың қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика сарапшысы Дон Тэпскот, Siri жүйесінің негізін қалаушылардың бірі Люк Джулия, танымал жазушы Джон Грей және Glovo компаниясының негізін қалаушы Саша Мишо бар.
Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге тәжірибе алмасып, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік беретін ашық диалог алаңын қалыптастыру. Іс-шараға Қазақстанның ірі бизнес өкілдері де қатысады. Олардың арасында Айдын Рахымбаев, Елдар Әбдіразақов және Арманжан Байтасов бар.
«Форумда әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен еліміздің мықты көшбасшылары ой бөліседі. Әсіресе, Жозе Мануэл Баррозудың қатысуы біз үшін ерекше маңызды. Ол – он жыл бойы Еуропалық комиссияны басқарған және Португалияның Премьер-министрі болған әлемдік деңгейдегі саясаткер. Мұндай сарапшылармен диалог құру жаһандық геосаяси жағдайды талдауға және отандық бизнестің әлемдік экономикадан өз орнын табуына мүмкіндік береді. Оның халықаралық институттарды басқарудағы тәжірибесі біздің жобаларды Қазақстан шекарасынан тыс жерлерге шығару үшін жол ашады», дейді форум негізін қалаушы әрі бас директор Мақсат Құрбенов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумда компанияларды халықаралық нарыққа шығару, бизнесті масштабтау және жаһандық экономикалық өзгерістерге бейімделу жолдары қарастырылады.
«Әлем тез өзгеріп жатыр, сондықтан отандық бизнес халықаралық аренада батыл әрекет етуге тиіс. Біздің кәсіпкерлердің жаһандық деңгейдегі компаниялар құру үшін әлеуеті де, жігері де жетеді деп сенемін. Біз New Vision Forum-ды әрбір кәсіпкер үйреншікті шеңберден шығып, өз ісіне жаңа қырынан қарай алатын еркін кеңістік ретінде қалыптастырдық», деп атап өтті Kusto Group қосалқы құрылтайшысы, форум төрағасы Қанат Көпбаев.
Биылғы форумға 5 мыңнан астам адам қатысады деп күтіледі. Қатысушылар үшін бизнес-кейстер, нетворкинг алаңдары, технологиялық көрмелер мен жабық сессиялар ұйымдастырылады. Іс-шараны Nobel Fest ұйымдастырып отыр. Форум Алматы қаласының әкімдігі қолдауымен өтеді.