12 мамыр күні Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт құбылып, жел күшейеді. «Қазгидромет» мәліметінше, елдің батысында шаңды дауыл көтерілуі мүмкін. Ал солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнде үсік жүреді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елордада жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы түнде -1…-3 градусқа дейін төмендеп, күндіз +13…+15 градусқа дейін жылиды. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Алматыда күн бұлтты, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде +10…+12 градус, күндіз +14…+16 градус шамасында болады.
Шымкентте жауын-шашын күтілмейді. Түнде +11…+13 градус, күндіз +22…+24 градус жылы болады. Кей уақытта желдің екпіні 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Батыс өңірлерде күн айтарлықтай жылы болады. Ақтауда түнде +16…+18 градус, күндіз +26…+28 градусқа дейін ысиды. Атырауда түнде +15…+17, күндіз +26…+28 градус.
Қарағанды мен Павлодар облыстарында түнгі уақытта -1…-3 градусқа дейін суық болады. Павлодарда жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Петропавлда жел күшейіп, ауа температурасы түнде +2…+4 градус, күндіз +15…+17 градус болады. Семейде түнде 0…+2 градус, күндіз +12…+14 градус, ал Өскеменде түнде +1…+3 градус, күндіз +11…+13 градус шамасында болады.
Оңтүстік өңірлерде күн жылы әрі ашық болады. Қызылордада түнде +8…+10 градус, күндіз +23…+25 градус күтіледі. Түркістанда түнде +12…+14, күндіз +22…+24 градус болса, Таразда күндізгі температура +18…+20 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер жел күшейетін және үсік жүруі ықтимал аймақтардың тұрғындарына сақ болуға кеңес береді.
Нұрболат АМАНБЕК