Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына көші-қон бағдарламасы аясында 400 отбасы көшіп келген. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көтермеақы төленіп, баспана алуға арналған «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» беріледі. Биыл сертификат көлемі 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Былтыр отбасымен бірге Талдықорғаннан Петропавлға қоныс аударған Павел Корниловтың айтуынша, ол бастапқыда пәтер жалдап тұрған, оның төлемі мемлекет есебінен жабылған. Кейін «Экономикалық ұтқырлық сертификатын» алып, өз жинақтарын қосып, ипотека арқылы үш бөлмелі пәтер сатып алған.
Аида Балаева көші-қон саясатын жетілдірудің басым бағыттарын түсіндірді
24KZ мәлімдеуінше, бағдарлама аясында өңірге көшіп келген әр адамға 300 мың теңге көлемінде бір реттік субсидия төленеді. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға берілетін сертификат көлемі де артқан.
СҚО бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұрлан Биболаевтың айтуынша, былтыр сертификат көлемі 4,5 млн теңге болған. Алайда қоныс аударушылар дәл осындай соманы өз қалтасынан қосуы керек еді. Соның нәтижесінде жалпы құны 9 млн теңгеге дейінгі баспана алуға мүмкіндік болған.
«Биылғы ерекшелік – Үкіметтен 7 млн теңге төленеді. Егер үйдің бағасы осы қаражатқа сай келсе, қоныс аударған азамат қосымша қаржы шығармай-ақ баспаналы бола алады», деді Нұрлан Биболаев.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 3020 қоныс аударушы мен қандасты қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде жылдық жоспардың 60% орындалған.
Көші-қон саясаты өзгереді: Олжас Бектенов министрлерге нақты міндеттер жүктеді