Президент Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасы инфрақұрылымды кеңейту аясында Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредитациясының талаптарына сәйкестігін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елордалық медициналық мекемеде қолданыстағы JCI сертификатын кеңейту бойынша инспекциялық аудит өтті. Тексеру жаңа 80 орындық көпсалалы стационар мен бір ауысымда 450 келуші қабылдайтын емхана ғимаратының іске қосылуына байланысты жүргізілген. Аудит қорытындысы бойынша аурухана қызметі халықаралық стандарттарға толық сай келетіні расталды. Бұл аккредитация – медициналық қызмет қауіпсіздігі мен сапасының әлемдік деңгейдегі ең беделді әрі объективті бағасы.
Енді медицина түлектеріне резидентураны өтпей-ақ жұмыс істеуіне рұқсат беріледі
JCI жүйесі жаһандық денсаулық сақтау саласындағы «алтын стандарт» саналады. Қазіргі таңда ол әлемнің 60 еліндегі 1000-нан астам жетекші мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда енгізілген. Президент Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы осы қатарға 2016 жылдан бері кіреді. Содан бері мекеме 2019, 2022 және 2025 жылдары халықаралық талаптарға сәйкестігін жүйелі түрде растаған.
Аурухана инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы 200 орындық емдеу корпусы мен циклотроны бар өндірістік кешен іске қосылды. Бұл жобалардың барлығы халықаралық хаттамаларға сай қатаң бақылаумен жүзеге асырылған.
Соңғы аудиттің сәтті өтуі медициналық ұйымның пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен емдеу тиімділігін арттырудағы жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Ал JCI сертификатының жаңа нысандарға кеңейтілуі аурухананың отандық медицинаның көшбасшысы ретіндегі мәртебесін айқындай түседі.
Медицинада жасанды интеллект қолдану: Жаңа нормативтік құжат әзірленді