Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026» атты ауқымды іс-шара жоғары деңгейде өтті. Жәрмеңкеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық мекеме қатысты. Олардың қатарында мектептер, колледждер, балабақшалар мен білім беру ұйымдары бар. Жұмыс берушілер жәрмеңкеде түрлі бағыттағы 1214 бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараның мақсаты – бітіруші түлектерді еңбек нарығымен тікелей байланыстыру, жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында тиімді әріптестік орнату, сондай-ақ кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде дамыту болды.
Жәрмеңкенің ашылуында университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бүгінгі «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026» – университетіміздің еңбек нарығымен тығыз ықпалдастығын айқындайтын маңызды стратегиялық алаң. Қазіргі таңда университет 250-ден астам жұмыс беруші мекемемен тұрақты әріптестік орнатып отыр. Соның нәтижесінде соңғы оқу жылында түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 95 пайызға жетті. Бұл – сапалы білім мен тәжірибеге негізделген даярлықтың нақты жемісі, – деді проректор.
Сонымен қатар ол мұндай бастамалар студенттердің кәсіби қалыптасуына тікелей ықпал ететінін атап өтіп:
Біздің мақсат – түлектерге тек диплом беру емес, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына нақты жағдай жасау. Бүгінгі жәрмеңке– сол жүйелі жұмыстың заңды жалғасы, – деді.
Сонымен қатар, жәрмеңке аясында университет түлектерін жұмыспен қамтуға бағытталған mansap-bosoryn.kz цифрлық платформасының мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Аталған платформада жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары жарияланып, бітіруші түлектер сол арқылы тікелей өтінім бере алады. Жіберілген өтінімдер бірден жұмыс берушінің электронды поштасына және WhatsApp байланыс нөміріне жолданып, жұмысқа орналасу үдерісін жеделдетіп, ашық әрі тиімді форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында жұмыс берушілер өз ұйымдарының қызмет бағыттарын таныстырып, ұсынылып отырған бос жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, жас мамандар мен мекеме өкілдері арасында тікелей байланыс орнап, ашық форматта пікір алмасу алаңы қалыптасты. Бұл өз кезегінде түлектердің кәсіби бағдарын айқындап, еңбек нарығына сенімді қадам жасауына жол ашты.
Айта кету керек, «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026» іс-шарасы университеттің «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ жас мамандардың жұмыспен қамтылуына бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде ерекшеленді.
Іс-шара соңында жәрмеңкеге қатысқан барлық мекеме өкілдеріне Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев университеттің Басқарма Төрағасы‑Ректоры Болат Тілеп атынан Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, серіктестерге өзара әріптестікті дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірді.