Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні екінші рет атап өтіледі. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде кітап оқу мәдениетін арттыруға, зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған кітап апталығы басталды.
Апталық аясында 1 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, 16 сәуір – «Артық білім кітапта…», 17 сәуір – «Сөз өнеріндегі өлкетану», 18–19 сәуір – «Weekend. Book. Vibes», 20 сәуір – «Кітапхана түні» акциясы, 21 сәуір – «Кітап. Тарих. Шежіре», 22 сәуір – «Кітап – достық амбассадоры», 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді.
«Артық білім кітапта…» тақырыбындағы алғашқы күнде кітаптың оқу мен ағартудың, рухани дамудың қайнар көзі ретіндегі мәнін айқындауға бағытталған. Өңірлерде кітап фестивальдары, ашық есік күндері, жәрмеңкелер, кітап оқу марафондары, сондай-ақ баспалар мен кітап дүкендері бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізді. Екінші күн жергілікті авторларды және өлкетану әдебиетін танытуға арналады. Ал «Weekend. Book. Vibes» күнінде оқу уақыты, әдеби кафе, оқу/кітап мәзірі (арнайы тізім), кітап оқу алаңдары, талқы like, таза ауада кітап оқу, рөлдік оқу, кітап туралы фильмдер көру, кітап клубтарының іс-шаралары мен балаларға арналған танымдық жобалар өтеді.
Бағдарламаның әр атаулы күнінде кітапханаларда келушілерге тақырыптық көрмелер, таныстырылымдар мен түрлі бағдарламалар ұйымдастырылып, кітапқа деген қызығушылықты арттыруға, оның қоғамдағы орнын нығайтуға ерекше мән беріледі.