Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірдің келбетін жыл санап жаңартып келеді. Биыл облыс аумағында 12 жасыл аймақты – 9 саябақ, 1 гүлзар, 2 аллеяны абаттандыру жоспарланған. Бұл – экологиялық ахуалды жақсартатын, қалалар мен ауылдардың ажарын ашатын ауқымды жұмыс.
Жаңаша кейіпке енетін бұл орындар серуендейтін аумақ қана емес, тұрғындардың күнделікті өмірімен біте қайнасатын қоғамдық кеңістікке айналмақшы. Мұнда жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындықтары, жарықтандыру жүйелері орнатылып, көгалдандыру жұмысы жүргізіледі. Балаларға арналған ойын бұрышы мен ересектерге арналған тынығу алаңы жасақталып, әр нысанның табиғи ерекшелігі сақталады.
Экоакция аясындағы жұмыстың ауқымы мұнымен шектелмейді. Биыл өңірде 25 аула абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылады. Сонымен бірге 17 балалар және спорт алаңы салынып, саламатты өмір салтын насихаттауға басымдық беріледі. Бұл – әсіресе жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне, аула мәдениетінің жақсаруына үлкен мүмкіндік.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. 148 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, олардың сыртқы келбеті жаңарды. Бұл тек эстетикалық өзгеріс емес, үйлердің техникалық жағдайын жетілдіріп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды шара. Сонымен қатар 15,6 км арық желісі тазартылып, қалпына келтіріледі. Жұмыс көктемгі еріген қар суын тиімді бұруға, су тасқыны қаупін азайтуға сеп болады.
Көшелердің жарықтандырылуы да айрықша мәнге ие. Жоспарға сәйкес, 200 қараңғы көшеге жарық орнатылады. Бұл түнгі уақытта қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, елді мекендердің эстетикалық келбетін де айқындай түседі. Көгалдандыру бағытында 121 мың көшет егу көзделген. Жас ағаштар уақыт өте келе көлеңкелі аллеялар мен жасыл белдеулерге айналып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады.
Өткен жылдың нәтижесі де бұл бастаманың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Былтыр облыс көлемінде 13 саябақ, 6 аллея, 2 гүлзар жаңартылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Сол нысандардың ішіндегі айрықша жобалардың бірі – Сарқан ауданындағы табиғи ландшафты сақтай отырып салынған саябақ. Аумағы 6 гектарды құрайтын орын табиғат пен сәулеттің үйлесімін айқын танытады. Мұнда Жоңғар – Алатау ұлттық табиғи паркінің флорасы мен фаунасын бейнелейтін ағаштар отырғызылып, жануарлар мүсіндері орнатылған. Саябақ алдағы уақытта экопарк ретінде дамытылып, экологиялық туризмнің жаңа нысанына айналмақшы. Яғни тек демалыс орны емес, табиғатты тануға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейтін ашық аспан астындағы экологиялық білім алаңы болмақшы.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде 2 орталық алаң, 49 аула, 81 балалар мен спорт алаңы абаттандырылды. 77 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен 33 қасбеті жөнделді. 16,5 км арық желісі мен 72 ескерткіш қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, 315 шақырым жерге көше жарығы орнатылып, Сарқан, Үштөбе қалаларында, сондай-ақ Көксу ауданының Балпық би ауылында көпқабатты үйлердің қабырғаларына үш тақырыптық мұрал салынды.
– «Таза Қазақстан» мұралы экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыбына арналған. «Адал азамат» мұралы адалдықты, патриотизмді, жауапкершілікті білдіреді. «Заң мен тәртіп» мұралы әділетті мемлекет құрудағы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын көрсетеді. Біз, жастар, тазалықты сақтау, адал еңбек ету, заң мен адамдарды құрметтеу – болашаққа қосқан үлесіміз деп санаймыз, – дейді «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр өңірде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға 227 мың тұрғын қатысты. Нәтижесінде, 134,9 мың көшет отырғызылып, 16 мың тонна қоқыс шығарылды.
Жалпы алғанда, Жетісуда жүзеге асып жатқан шаралар өңірдің экологиялық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жасыл желекке оранған көшелер, сәулетті саябақтар, таза аулалар – мұның бәрі табиғат пен адам арасындағы үйлесімнің нығая түскенін анық аңғартады.
Жетісу облысы