Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері көбейіп келеді. Азаматтарға емханаға барғаннан немесе дәрігер қабылдауына жазылғаннан кейін күмәнді қоңыраулар түсе бастаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алаяқтар өздерін медицина қызметкері ретінде таныстырып, кей жағдайда азаматтардың жеке деректерін, тіпті ЖСН-ін айтып, сенімге кіруге тырысады. Олар «қабылдауға келуді растау» сылтауымен SMS арқылы келген кодты сұрайды. Бұдан бөлек, кейбірі зейнетақы қорының қызметкері болып хабарласып, жалған кезекке тіркеп, кеңсеге шақыруы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қаскөйлердің басты мақсаты – азаматтардың жеке және банк деректеріне қол жеткізу. Ол үшін алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданады: телефон нөмірін, дауысын өзгерту, жалған аккаунттар мен мессенджерлерді пайдалану, сондай-ақ «шұғыл әрекет ету қажет» деген қысым жасау. Тіпті «сізге несие мақұлданды» деген жалған ақпарат тарату арқылы да адамдарды алдайды.
Жалған құжаттар пайдаланған: Жетісу облысында алаяқ 5 жылға сотталды
«БЖЗҚ» АҚ азаматтарды сақ болуға шақырып, күдікті қоңырауларға жауап бермеуге, SMS-кодтар мен жеке мәліметтерді ешкімге бермеуге кеңес береді. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, күмән туындаған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Қор мамандары зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін ешқандай делдал қажет емес екенін ескертеді. Барлық қызмет заң аясында, комиссиясыз жүзеге асады. Жинақ қаражатын пайдалану да тек уәкілетті операторлар арқылы іске асады.
Агенттік ескертеді: Жалған сақтандыру полистерін сататын алаяқтар көбейген
Айта кетейік, мемлекеттік органдардың, банктердің немесе зейнетақы қорының қызметкерлері ешқашан телефон не мессенджер арқылы құпия ақпаратты, банк картасының деректерін немесе SMS-кодтарды сұрамайды.