Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отандық ғылымның жетістіктерін дәріптеуге, ғылыми қауымдастықтың әлеуетін танытуға бағытталған шара аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ғалымдар аллеясына» ағаш көшеттері отырғызылып, бұл бастама ғылым мен табиғат үндестігінің символына айналды.
Салтанатты жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын вице-министр Талғат Ешенқұлов оқып, ғылым саласы қызметкерлеріне мерекелік лебізін білдірді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ғылымды қолдау бағытындағы бағдарламаларға тоқталып, алдағы уақытта гранттық қаржыландыру аясында іске асатын бірқатар жобаларға тоқталып өтті. Өз кезегінде ҰҒА вице-президенті Абай Серікқанов академия тарапынан іске асқан жұмыстар барысына тоқталып, ғылымды, ғалымдардың қолдау ісіндегі бірқатар ілгерілеушілікті атап өтті.
Іс-шара барысында академиктер ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, медицина, биотехнология, археология, генетика және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру салаларындағы өзекті мәселелерді қамтыған мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен қатар, отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жетістіктері ұсынылған ғылыми-танымдық көрме ұйымдастырылып, онда инновациялық жобалар, жаңа технологиялар мен «Ғылым қоры» АҚ гранттық бағдарламалары аясында жүзеге асқан өнімдер кеңінен таныстырылды. Көрме қатысушыларға ғылыми жаңалықтармен танысып қана қоймай, әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысында ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жас зерттеушілер ведомствалық наградалармен марапатталды.