«Астана Опера» сахнасында ұсынылған Джузеппе Вердидің жауһар туындысы – «Травиата» айрықша леппен, жаңа тыныспен көрерменге жол тартты. Театр табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ өзгеше толқу сезіліп, фойені әсем әуенге деген сағыныш биледі. Залға жиналған қауымның ықыласы қойылым басталған алғашқы минуттардан-ақ анық аңғарылды.
Спектакльге қатысқан өнер шеберлеріне көрсетілген ерекше құрмет те кештің маңызын арттыра түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлдерінің ұсынылуы әртістердің еңбегіне көрсетілген құрметтің, рухани құндылықтарға берілген жоғары бағасының көрінісіндей әсер қалдырды.
Айтулы кештің басты көркемдік жүгін әлемдік һәм отандық опера сахнасының танымал жұлдыздары арқалады. Париж, Милан, Лондон сахналарын бағындырған отандық сопрано Мария Мудряк Виолетта Валери партиясын орындап, кейіпкердің ішкі драмасын терең сезіммен жеткізді. Бұл рөл әнші үшін айрықша мәнге ие. Дәл осы образбен ол осыдан он жыл бұрын елорда сахнасында дебют жасаған еді. Уақыт өте келе оның Виолеттасы кемелденіп, нәзік психологиялық иірімдермен толығып, көрерменге жаңа қырынан ұсынылды. Марияның орындауындағы Виолетта – нәзіктік пен трагедияның, үміт пен шарасыздықтың тоғысқан бейнесі. Әсіресе кейіпкердің ішкі күйзелісі мен махаббат жолындағы құрбандығы әншінің вокалдық мүмкіндігімен қатар, актерлік шеберлігі арқылы шынайы жеткізілді.
Ал Альфред Жермон бейнесін сомдаған испандық тенор Жоэль Прието көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Оның дауысы мен сахналық харизмасы кейіпкердің жастық жалынға толы табиғатын ашып, махаббат пен қызғаныш, үміт пен өкініш сезімдерін нанымды жеткізді. Әлемдік деңгейдегі сахналарда – Ковент-Гарден, Ла Скала, Париж ұлттық операсы мен Зальцбург фестивалінде өнер көрсетіп жүрген әншінің еліміздегі алғашқы өнер көрсетуі мәдени байланыстың кеңеюінің жарқын мысалы болды.
Жорж Жермон партиясында Талғат Мұсабаев сахнаға шығып, қойылымның драмалық өзегін айқындады. Оның орындауындағы әке бейнесі қаталдық пен жанашырлықтың, салқын есеп пен ішкі толғаныстың үйлесімі ретінде көрініс тапты. Бұл кейіпкер арқылы операдағы негізгі моральдық қақтығыс айқындалып, оқиға тереңдей түсті.
Музыкалық жетекшілікті қолға алған италиялық дирижер Джузеппе Акуавива спектакльдің тұтастығын жоғары деңгейде қамтамасыз етті. Оның басқаруындағы симфониялық оркестр Верди музыкасының нәзік лиризмін де, драмалық қуатын да дәл жеткізіп, сахнадағы әрбір эмоцияны күшейтіп отырды. Оркестр мен солистердің үйлесімі, хор партияларының нақтылығы қойылымның кәсіби деңгейін айқындады.
Жалпы алғанда, «Травиата» операсының бұл қойылымы музыкалық спектакль ғана емес, үлкен мәдени диалог алаңына айналды. Әлемдік деңгейдегі әртістер мен отандық өнер шеберлерінің бір сахнада тоғысуы ұлттық театр өнерінің халықаралық беделін нығайта түсті.