Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейі 1983 жылы Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы орта кәсіптік-техникалық училище жатақханасының үш бөлмесінен ашылды. Сол жылы Алматыдан композитордың қызы Ғазиза Жұбанова арнайы келіп, әкесінің біраз дүниесін сыйға тартты. Олардың арасында Ахмет Қуанұлының домбырасы мен дирижерлік фрагі, өз қолымен жазылған нота дәптерлері бар еді.
Сол жылдары қазақ руханиятының ардақтылары Жұбановтар туған топырақта музей ұйымдастыруға Мұғалжар аудандық комсомол комитетінің хатшысы Қуандық Әлішев көп еңбек сіңірді. Уақыт өте келе жиналған жәдігерлер тар бөлмелерге сыймады. Мекеменің атауы 1999 жылы Құдайберген Жұбановтың 100 жылдығы қарсаңында ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейі деп өзгертіліп, Ахмет Жұбановтың 100 жылдық тойында арнайы салынған жаңа ғимаратқа көшті.
Осы жердегі ең құнды дүниелердің бірі – 1944 жылы қарақалпақ елінен музыкалық мұра жинауға барған сапарында композиторға сыйға берілген жасыл шапан. Шебердің қолынан шыққан, әлі күнге дейін өңін бермеген барқыт шапанның өңірі мен екі жеңі ақ-қызыл жіптермен өрнектелген. Тағы бір назар аударарлық дүние – Ахмет Жұбанов қолтаңбасын қойып, сыйға тартқан кітаптары. 1960 жылы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан» жарық көрген «Құрманғазы Сағырбаев өмірі мен творчествосы» кітабының алғашқы бетіне «Алуаш пен Жиенбайға – ағасынан, ескерткіш. Июнь, 1962. Алматы» деп қолын қойса, «Замана бұлбұлдары» кітабына «Хадиша мен Бердіғалиға – ағасынан» деп жазып, 1964 жылы қаңтарда сыйға тартқан. «Струны столетий» кітабын 1961 жылдың қарашасында Қалиқан мен Қанифаға сыйлаған. Осыдан көрініп тұрғандай, Алматыдағы Жұбан әулеті елдегі туыстарымен байланыс үзбеген.
Құдайберген мен Ахметтің атақонысы – Ембіден 90 шақырым жердегі Жаңатұрмыс деген ауыл. «Жаңақоныс – тарихы терең, бүгінде жұрты тұрақтанған, берекелі қоныс. Жаңа мектебі, мәдениет үйі салынған. Ескі ауылдың шетіндегі әулет қорымында олардың әкесі Қуан, анасы Бибішынар мен Қуанның інісі Тәпен жерленген. Жаңатұрмыста Қуан атаның қазған құдығы да бар. Суы мол, тұщы, қара жолмен әрлі-берлі өткен жолаушылар осы жерге аялдап өтеді. Ауыл жұрты құдықтың айналасын қоршап қойған. Қуан атамыз заман ағымын ерте сезінген, көзіқарақты адам болған. 1910–1913 жылдары қазақ ауылдарында бір кластық мектептер ашуға рұқсат беріледі. Темір – Орқаш болысында да екі орыс-қазақ училищесін ашу жоспарланғанын естіген Қуан ата бір мектепті өз ауылынан салуға Орынбордан рұқсат алып келеді. Ол кісінің мектеп ашу жөнінде жазған арызы Орынбор мұрағатында сақталған. Сол кезеңде бір кластық деп аталған мектептерде оқу мерзімі үш жылға созылған. Ауыл адамдары лай мен саз қосып, балшық илеп, кесек басып, төбесін қамыспен жауып мектеп тұрғызды. Өткен ғасыр басында талай жастың көкірегіне білім нұрын ұялатқан Қуан мектебі жөнінде қарттардан сұрап, нобайын жасауға кірістік, нәтижесінде, іргетасы кішкентай қалақ тастармен өріліп, қабырғасы саз кірпіштерден қаланған, төбесі тал бұтақтарымен жабылған Қуан мектебінің нобайы экспозициямызға қойылды. Келушілер одан ХХ ғасырдың басындағы ауыл мектебін көреді», дейді Мұғалжар аудандық ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры Анархан Самиғоллақызы.
Ақтөбе облысы