Еліміздің ЕАЭО төрағалығы шеңберінде Шымкентте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Еуразиялық интеграцияны дамытуға қатысты, оның ішінде өнеркәсіп кооперациясы, технологиялық даму, кедендік реттеу, экономикалық тұрақтылық, цифрлық трансформация, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және басқа да мәселелердің кең ауқымы қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырысқа Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттерден – Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Оскар Перес-Олива Фрага, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар қатысты.
Отырысты ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған халықаралық ұйым екенін атап өтті. Одақ ЕАЭО елдерінің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін өз мақсаттары мен міндеттерін ұдайы жүзеге асырады. Бұл, ең алдымен, тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін ортақ нарықты қалыптастыруды қамтиды. Сонымен қатар ЕАЭО ұлттық экономикалардың технологиялық жаңаруына, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға, мүше мемлекеттердің әлемдік нарықтағы ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген басымдықтарға сәйкес Қазақстан өзінің төрағалығы шеңберінде Одақ қызметінің салаларына жасанды интеллектіні енгізуге, транзиттік әлеуетті ашуға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, ішкі нарықтағы кедергілерді дәйекті түрде жоюға, сыртқы сауда ынтымақтастығын кеңейтуге баса көңіл бөлуге ниетті.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүше мемлекеттердің атына Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары көрсетілген үндеу жолдады. Еліміз өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беруді, ғылыми зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз ЕАЭО бойынша әріптестермен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайынбыз», деді О.Бектенов.
Премьер-министр кедендік әкімшілендіру, логистика, өнеркәсіп, АӨК сынды тағы да басқа бағыттарда ЖИ-ді пайдалана отырып, ЕАЭО мемлекеттерін заманауи технологияларға бейімдеудің маңыздылығын атап өтті.
Одақ елдерінің көлік-транзиттік әлеуетін толық ашу мақсатында ЖИ базасында жүк ағындарын үйлестірудің интеграцияланған платформасын құру ұсынылды. Бұл жеткізу мерзімдерін қысқартуға, бизнес шығындарын азайтуға әрі еуразиялық көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылаудан өтуді растау үдерістерін толығымен электрондық форматқа көшіру өзара саудадағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Осыған байланысты ЕЭК-ке Одаққа мүше мемлекеттермен бірлесіп, қағаз құжаттарға міндетті түрде мөртабан қоюдан бас тартуды және үшінші елдермен ақпараттық өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеуді қоса алғанда, осы мәселені жан-жақты пысықтау ұсынылды.
Өнеркәсіп пен АӨК саласында бірлескен кооперациялық жобаларды қолдау тетіктері инновациялық бастамаларға, қосылған құны жоғары өндірістерді құруға бағытталуы керек. Демонстрациялық орталықтар, стартаптар мен салалық құзыреттілік орталықтары арқылы цифрлық шешімдер мен ЖИ-ді пайдалануды ынталандыру қамтамасыз етілуі қажет.
ЕАЭО-ның сөзсіз қағидаты тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі болып қалуға тиіс. Комиссия міндеттемелердің сақталуын бақылауда белсенді рөл атқарып, бизнес пен азаматтардың мүдделерін қорғауда жедел әрекет етуі керек. Сондай-ақ сауда саласында бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, жаңа сыртқы нарықтарға шығуға назар аударылды. Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка елдері, сондай-ақ беделді өңірлік бірлестіктермен өзара іс-қимыл перспективалы бағыттар деп танылды. Ынтымақтастық экономиканы нығайтуға әрі халықаралық өндірістік тізбектерді дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар отырыс барысында бірқатар мемлекеттердің премьер-министрлері мен ЕАОЭ жанындағы бақылаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары сөз сөйледі.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысының қорытындысы бойынша 12 құжатқа қол қойылды. Қабылданған шешімдер интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуға және мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
ЕҮАК-ның келесі отырысы биыл 6–7 тамыз күндері Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өтеді.