• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 09:15

«Digital Qazaqstan 2026»: Жаңашылдық пен ықпалдастық алаңы

10 рет
көрсетілді

Еліміз цифрлық экономиканы дамытуда жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге басымдық беріп отыр. Бұл бағыттағы жаңа ше­шім­­дер мен бастамалар Шымкент­те өткен «Digital Qazaq­stan 2026» форумында танысты­ры­лып, технологиялық инфрақұ­ры­лым, адам капиталы мен инно­ва­циялық кәсіпкерлікті қолдау тетік­тері сараланды. Жиында ұсы­нылған жобалар елдің цифр­лық экожүйесі кезең-кезеңімен қа­лып­тасып келе жатқанын көрсетті.

«Digital Qazaqstan 2026» халықаралық форумы цифрлық экономиканы дамыту мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу бағытындағы бастамаларды бір арнаға тоғыстырды. Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында ұйымдастырылған жиынға ЕАЭО елдері­нің үкімет басшылары, халық­аралық сарапшылар, инвесторлар мен IT-ин­дустрия өкілдері қатысты. Ұсыныл­ған жобалар технологиялық инфрақұ­рылымның жаңғыруын, адам капиталы сапасының артуын әрі инновациялық кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті.

Премьер-министр Олжас Бектенов пленарлық отырыста сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні дамыту экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны бұл саланың стратегиялық маңызын айқындай­ды. Жаңа Конституцияда цифрлық құқықтардың бекітілуі деректерді қорғау, сенім мен ашықтық қағидаттарын күшейтіп, тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінде Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономика­лық модельдің негізіне айналатын кезең­ге қадам басты. Сондықтан Прези­дент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл саланың еліміз үшін айрықша маңыздылығын атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстанда ауқымды саяси оқиғалар мен жаңарулар болып жатыр. Еліміздің азаматтары жаңа Конституцияны қабыл­дады және онда алғаш рет консти­туциялық деңгейде цифрлық құқық­тар бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына елеулі серпін беріп қана қоймай, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын да көрсетеді. Цифрлық құқықтарды ең жоғары деңгейде бекіту біз үшін цифрлық трансформация тек технологияларды дамыту туралы ғана емес, сонымен қатар нақты құқықтық кепілдіктер, деректерді қорғау және сенім қағидаттары туралы екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту үшін болжамды әрі тұрақты құқықтық орта қалыптастыруда», деді О.Бектенов.

Форум аясындағы көрме отандық цифрлық индустрияның әлеуетін айқын көрсетті. Стартаптар мен жетекші IT-ком­паниялар ұсынған шешімдер қатарын­да роботтехника, дрондар, GameDev өнімдері, AI Talent Hub алаңдары бар. Бұл бастамалар бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін аңғартады.

Мемлекеттік басқару, өнеркәсіп пен қалалық инфрақұрылымға арналған жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелер де таныстырылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун AlemGPT мультиа­гент­тік платформасын таныстырып, 35 мемлекеттік қызметті біріктіретін жаңа шешімдер деректермен жұмыс сапасын арттыруға ықпал ететінін айтты. Ұлттық жасанды интеллект платформасын қалыптастыру жобасы да цифрлық басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Цифрлық инфрақұрылымды жетіл­діру бағытында дата-орталықтар мен энерге­­ти­калық қуат көздерін кеңей­ту бас­та­малары ұсынылды. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин таныстырған «ДӨА алқабы» технология­лық кластері жасанды интеллектіге арналған деректерді өңдеу орталықтарын іске қосуға негіз болады. Әрқайсысының қуаты 50 МВт болатын нысандар кезең-кезеңімен енгізіліп, жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыруға жағдай жасайды. Павлодар өңірінде жүзеге асырылатын ауқымды жоба деректерді сақтау мен өңдеудің ірі хабына айналмақ.

Қалалық ортаға арналған цифрлық шешімдер де назар аудартты. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов интеллектуалды көлік жүйесін, білім беру ұйымдарындағы цифрлық қауіпсіз­дік тетіктерін, қоғамдық қауіпсіз­дік пен экологияны бақылауға арналған дрондар инфрақұрылымын таныстырды. Мұндай технологиялар урбанистика сап­асын арттыруға әрі тұрғындар өмірі­не қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Адам капиталын дамыту мәселесі форум күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі болды. «Freedom Holding Corp» бас атқарушы директоры Тимур Турлов білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу бастама­ларын ұсынды. OpenAI серіктестігі аясын­­да педагогтерге ChatGPT Edu платфор­­ма­сына қолжетімділік беру, биз­нес-процестерді автоматтандыруға арнал­ған SuperApp шешімдері цифрлық сауаттың жаңа деңгейін қалыптастыруға ықпал етеді.

Энергетика саласындағы Smart Grid жүйелері генерация көздерін, тарату желілерін әрі энергия сақтау құрылғыларын біртұтас цифрлық ортаға біріктіреді. Alageum Electric ұсынған шешімдер техникалық шығындарды 30 пайызға дейін азайтып, энергия тұтыну тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект негізіндегі модельдер күн энергиясын өндіру көлемін жоғары дәлдікпен болжауға жол ашады.

«Қазақстан объективті бәсекелік артықшылықтарға ие: қолжетімді электр энергиясы мен төмен сигнал кідірісі елімізді жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыру үшін ең тартымды орындардың біріне айналдырады. Халықаралық компанияларды мұнда өз зерттеу хабтарын ашуға шақырамыз. Біз таланттарға, деректерге, индустриялық кейстерге қолжетімділікті ұсынамыз», деді Премьер-министр.

Интеграциялық үдерістерді терең­дету мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі Варос Симонян трансшекаралық электрондық құжат айна­лымын енгізу бастамасын таныстыр­ды. Электрондық цифрлық қолтаң­баны нақты уақыт режімінде тексеру мүм­кіндігі мемлекетаралық өзара іс-қимыл­дың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Стартап-аллеяда AI Startify Incubator, Auezov AI First, Ushqyn AI Operator, AIJan, CortexAI жобалары ұсынылды. Университеттік зерттеулерден бастап мемлекеттік басқару, білім беру, бизнес пен денсаулық сақтау салаларына дейінгі шешімдер жасанды интеллект экожүйесінің қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асады. Қазақстан бұл үрдісте институционалдық база қалыптастырып, Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қа­был­дады. Alem.Cloud, Al-Farabium су­пер­компьютер кластерлері жоғары өнімді есептеулерді дамытуға негіз болады. Data Embassy тұжырымдамасы шет­ел­дік серік­тестердің деректерін құқық­тық тұр­ғы­дан қорғауға мүмкіндік береді.

Жалпы, «Digital Qazaqstan 2026» алаңы цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі басталғанын аңғартты. Жасанды интеллектіні экономиканың түрлі саласына енгізу елдің технологиялық дербестігін нығайтып, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

 

ШЫМКЕНТ