Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытайдың теміржол саласы басшылары кездесті. Келіссөздер барысында ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов пен Қытай теміржол корпорациясының жетекшісі Го Чжусюе екі ел арасындағы жүк тасымалын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тараптар 2025 жылы жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсімін атап өтіп, 2026 жылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға уағдаласты. Әсіресе, мемлекетаралық шекаралық өткелдер арқылы пойыздарды көбірек алмастыру жоспарланып отыр.
Келіссөздерде негізгі бағыттар бойынша контейнерлік тасымалды дамытуға ерекше мән берілді. Олар: Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ), «Қытай – Еуропа», «Қытай – Орталық Азия» және «Қытай – Ресей» бағыттары.
Наурыз мерекесіне орай ұлттық нақышта безендірілген пойыздар жолға шықты
Транзиттік әлеуетті күшейту үшін тараптар контейнерлік пойыздар санын арттыруға, тасымалды басқару мен жоспарлауда цифрландыруды тереңдетуге, ақпарат алмасуды алдын ала жүргізуге келісті.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда, «Алашанькоу – Достық» учаскесінде екінші теміржол желісін салу, терминалдық қуаттарды кеңейту, «Алтынкөл – Қорғас» және «Қорғас – Цзинхэ» бағыттарын жаңғырту.
Күн тәртібінде «Бақты – Тачэн» үшінші трансшекаралық теміржол өткелін іске асыру жобасы да болды. Бұл жоба бойынша жүк көлемі мен тасымал түрлері анықталмақ.
Алакөлге пойыз және әуе билеттері қашан сатыла бастайды?
Бұдан бөлек, мәдени байланыстарды нығайту мақсатында Қытайдан Қазақстан қалалары мен Орталық Азия елдеріне туристік пойызды іске қосу мүмкіндігі талқыланды.