• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 17:27

Алматыда жол апатынан 3 адам қаза тапты: Қылмыстық іс қозғалды

10 рет
көрсетілді

Алматы қаласында әл-Фараби даңғылы бойында болған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Рустам Шарибаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жағдайларға қатысты. Кінәлі адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқиға таңғы сағат 03:30 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, батыс бағытта келе жатқан Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, шығыс бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен соқтығысқан.

Қарағанды облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды

Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 22 және 20 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Ал Zeekr жүргізушісі аман қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі уақытта күдікті полиция күзетімен медициналық мекемеде жатыр. Жағдайы тұрақталған соң, оны уақытша ұстау изоляторына қамау жоспарланып отыр.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталған. Оларға қатысты әкімшілік іс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданды. Көліктер арнайы айып тұрағына қойылған.

Сонымен қатар, жүргізушінің алкоголь қолданған-қолданбағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижелері кейін хабарланады.

Ақтөбе облысында жол апатынан жүргізуші мен төрт жолаушы қаза тапты

Тергеу барысында барлық бейнебақылау камераларының жазбалары, соның ішінде жеке камералардан алынған материалдар да тәркіленіп, іс материалдарына қосылған.

Полиция өкілдері: «Барлық кінәлілер заң алдында жауап береді. Азаматтардан тек ресми ақпаратқа сеніп, жалған мәлімет таратпауын сұраймыз», деп мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бұл іс Алматы полиция департаментінің ерекше бақылауында.

Соңғы жаңалықтар