• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:45

Ұлт келешегін айқындайтын құжат

10 рет
көрсетілді

2026 жылдың шымылдығы ел тағдыры мен тарихы үшін айрықша маңызы зор оқиғалармен түрілді. Қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде конституциялық реформалар басталатынын жариялап, соның аясында арнайы құрылған комиссия жаңа Ата заң жобасын әзірледі. Осылайша, халықтың қолдауымен бүгінгі заман талаптарына толықтай жауап беретін жаңа Ата заңымызды қабылдадық. Президент оны «Халық Конституциясы» деп атады.

«Біз Халық Конституциясын келе­шек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз­ді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабі­летті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері баба­ларымызға бағдар болған дала заң­дары­ның бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасын­дағы сабақ­тастық көрінісі», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында.

Президент айтқандай, Ата заң – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Сондықтан Негізгі заңның қабылдануы елдің саяси жүйесін жаң­ғыр­тып қана қоймай, қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға жол ашады. Бұл – заман талабына сай өзгерістердің көрі­нісі, халықтың сұранысына жауап берген маңызды шешім.

Отандық және шетелдік сарапшылар елімізде сәтті өткен Конституциялық реформаны, кешегі жалпыұлттық референдум мен жаңа Конституция­ның қабылдануын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шынайы жүзеге асуы деп бағалап отыр. Оснабрюк университетінің (Германия) профессоры Георг Гесктің айтуынша, ел өмірі­не қатысты маңызды шешім қа­былдар кезде өз азаматтарынан «Сендер мұны қалайсыңдар ма?» деп сұрау дәстүрі әлемнің көп мемлекетінде кездеспейді. Ол біздің елімізде демократия қағидаттары салтанат құрып, жаңа Конституцияны қабыл­дауда халықтың пікірі толықтай ескерілгенін, ал ауқымды реформа азаматтардың белсенді атсалысуымен жүзеге асқанын атап өтті.

Халықтың қолдауымен өмірге келген жаңа Конституциямыз адам құқықтары мен бостандық­тарын қорғау мәселесіне ерек­ше мән беруімен де айрық­ша мәнге ие. Құжатта адам құқы­ғы мемлекеттің ең жоғары құнды­лығы екені айқын көрсетіліп, оның сақталуына кепілдік беретін нормалар күшейтілді. Бұл өз кезегінде әрбір азаматтың заң алдында тең болуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы сенім мен тұрақ­тылықты арттырады.

Ең бастысы, жаңа Ата заңы­мыз Қазақ елінің мыңжылдық мемлекеттілік тарихын тайға таңба басқандай шегелеп, Егемендігі­міз бен Тәуелсіздігіміздің тұғы­рын биіктетті. Президент атап өткендей, оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі.

Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал елімізде жаңа мерекелік дата өмірге келді. Алдағы жылдан бастап 15 наурызды мемлекеттік мереке – Конституция күні ретінде ұлттық деңгейде атап өтетін боламыз.

Соңғы жаңалықтар