• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:33

Қайта қауышу

10 рет
көрсетілді

Ол бар ықыласымен амандасты. Көріспегелі көп болған. Елпілдей сәлем беруіне, бір жағынан сыртқы кейпінің жұпынылығына таңырқай қарадым. «Бұған не болған?» деген сұрақ көлденең тартылды. Түсінсем бұйырмасын. Елпілдей қалыпты.

Жік-жапар сәлем­десуіне оңды жауап қайтарма­дым. Өйткені онымен соңғы рет, осыдан, жаңылмасам, жеті жыл бұрын кездескен сәттегі көрініс еске түсіп, содан көңілім жоқ жерден «қырсығып» қалмасы бар ма?.. Көңіл деген бұзылғыш әрі қай-қайдағыны ұмытпай еске салғыш зерек қой. Қайтеміз енді?

Тарата айтсам, әлгі көрі­ніс­тің сипат-мәні – бір жо­лығысқан кезде ықыласпен амандасқаныма ол жөнді жауап қайтармай, көңілім қалып қойған-ды. Дәлірегі, талай жыл жақсы, етене қа­ты­настағы, әрдайым түзу сә­лемдесіп жүретін, биязы мінезді жігіт қолын әзер ұсы­нып, кісімсіп, кіржиіп, шекеден қарап маңызды бола қалған. Мұндайды күт­пегенмін. Іш тартып қал­дым. Бірақ заматта кінә арт­пай, көңіл-күйі болмай тұрған шығар деп қойғанмын (Бұл кездесуден кейін араға жылдар салып бетпе-бет кө­ріп тұрғаным осы). Сөйтсем, олай емес, шындағаны екен. Мен аңғармаппын, ол «майлы жілікті» қызметке тұрып, содан әлеуметтік мәртебесі көтеріліп, айналасы бірер айдың ішінде кешегі ортасынан жерініп, «жоғары қауым» арасына еніп кетіпті. Несібесі шығар.

Оның болмысындағы, тір­шілігіндегі бұл өзгеріс рия­сыз пейілге сүйенген көпжыл­дық аралас-құраластыққа, жа­расымды қатынасқа сына қағып тастады. Күні кеше ғана жоқ-жұқана жүрген жігіт бірден дәуірлеп, жапанды жалпағынан басып шыға келген. Жанына адам жақын­дау қиын. Білдей үлкен мекеме бастығының алғашқыда ша­барманы, одан кейін сол қолы, көп өтпей оң қолы болды. Әжептәуір билік, оның көлденең табысы қойсын ба, аз ғана уақыттың ішінде жоны күжірейіп, қарны шығып, тал­таңдаған бай-шонжарға ай­налған. Нөкер ертіп жүреді. Беті жылтырап, сықия киі­ніп алып газет-журналдан, теледидардан арагідік болса да көрініп қояды. Баяғы биязы, қарапайым деп жүрген таныс жігіт осылайша маңызды тұлғаға айналған-ды.

Расында, күні кеше тү­кі­рігі жерге түспей, шіреніп, шікі­рейіп, тәкаппарланып, кісім­сіп, беті жылтырап, бә­ріне шекеден қарап, тау қо­парған­дай болып жүрген адамды көшеде кенеттен олпы-солпы, елпеңдеген кейіпте көрсең, таңырқап қаласың ғой.

Жақын маңдағы дәмханаға кіріп, шай іштік. Өткен-кеткенді айттық. Көзге тіке қарай алмайды. Жанары тай­қып кете береді... Әңгімесі­не қарағанда, жеті жылдан аса желпінген, содан «ұры­лып», алдыңғы топтан шеттеген, жиған-тергенінен түк қал­маған. Енді күнкөріс қамы­мен адам тасып жүр: такси жүргізушісі.

Қоштасар сәт жақын­да­ғанда ол маған былай деді: «Кезінде қызметтің буына екіленіп, есіріп кеткеніме әлі күнге ыңғайсызданамын. Кешіріңдер мені. Жаныңның табиғи шынайы келбетінен еріксіз ажырап, әлдебір кісә­пір рөлде ойнап қалай өмір сүргенімді қазір түсінбей­мін. Мұны ұят әрі азап десе де болар. Солай... Шынайы болмысымды қапасқа қамап, қайдағы бір қалыпқа өзімді қинап салғаным ақымақтық болыпты», деді. Осыны айтқан кезде баяғы, риясыз пейілмен араласатын кездегі оның жайдары жүзін анық көрдім.

Біз құшақ айқастыра қош­тастық. Бұл шын мәнінде, қош­тасу емес бөгде болып кеткен ескі танысыммен қайта қауышу, онымен үзіліп қал­ған сыйластық жолын қайта жалғау еді.

Қоғам бірлігі адами қатынастың бұзылмауына, өзара мейірімге тәуелді.

Соңғы жаңалықтар