Шын сатирик «торғайды зеңбірекпен атып» әуре боп жатпайды. Жылы юмормен жымитып отырып-ақ, мақтаншақ, мансапқор атаулыны мақтамен бауыздайды. Бұл – үлкен өнер. Қазір осы өнерді әбден меңгеріп, жұртшылық көкейіндегісін дөп басып жүрген сатириктердің бірегейі – Берік Садыр. Оның жақында ғана мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Е, бәсе» атты кітабының әр әңгімесі еріксіз езу тартқызады.
480 беттік қалың кітап жеңіл оқылады. Мұндағы әзіл-сықақ әңгімелер пенде болмысының қиқар-қиғаш мінездерін әр қырынан көрсете отырып, қоғамдағы кереғарлықтың түп-тамырына әжуа-мысқылмен сілтеме жасайды. Әр әңгімеден өзімізге «таныс та бейтаныс» кісілерді жолықтырамыз. Мәселен, «Лифтіге де тіл бітті» деген сықақ әңгімеде өзгені ғайбаттайтындар сын тезіне алынған. «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, әр қабатқа тоқтаған сайын, лифт ішіндегілер жаңа ғана қасында тұрған адамды «неше түрлі пенде бар-ау!» деп ғайбаттай жөнеледі. Кейін сол кісіні де басқалар сөзбен сыбайды. Бірақ көзінше емес. Ақыр соңында 12-қабатқа көтеріліп іші босап қалған лифтіге де тіл бітіп, пенделерге өкпе-назын төгіп салады. Осылайша, автор ешкімді жазғырмай-ақ, оқырман қолына «айна ұстата қояды». Әңгімеден өзін көргендер іштей қымсынып, беті қызарары сөзсіз.
Жалпы, күлкінің бәрі көзге ұрып, мен мұндалап тұрмайды. Қалыпты болып кеткен құбылыстарға жасырынып, тығылып жүреді. Ғалым Темірбек Қожакеев айтпақшы, «Юморлық сезім ғана комизмді кез келген тығылған інінен су құйып суырып алып, ел алдына сүйреп шығады, қағып-сілкіп келеке етіп, шаңын қағады». Сатира сардары Берік Садырдың қағаберістегіні қалт жібермейтін қыранкөз байқағыштығы мен сол байқағанын әзілмен әрлендіріп, «жайпағыштығы» көңіл қуантады. Мәселен, «Жасасын фонограмма!» деген сықақ әңгімесінде автор жасанды дауыспен ән айтатындарды ирония арқылы мазақтың отына қақтайды. Иә, бұл әңгімені оқыған адам қарқылдап күлмейді. Ащы күлкі көмейге келіп, кептеліп қалады. Осы күні екі сағат ән айтса да жанын жеп айтпайтын кейбір әншілерге көзіміз де, құлағымыз да үйренді ғой. Сондықтан да автор бұл мәселеге басқа қырынан келеді. Осы бір сатиралық шығармада жаназа оқитын молданың өзі фонограмманың рақатын көріп жүр екен. Ал бас кейіпкер бата мен тілекті де жасанды дауыспен айтатын күнге жетіпті. Әңгіме әсіреленіп жазылса да әсерлі, оқиғасы нанымды. Өйткені сатира – үлкейткіш әйнек, ол әрбір нәрсеге лупамен қарайды. Сөйтіп, күлдіріп отырып, күйдіріп жібереді. Ал «Білгір шәкірттер» әңгімесінде жаттанды, құрғақ сөйлейтін ұраншыл ұрпақ сын тезіне алынған. Оқушылардың не айтқанына емес, әйтеуір сөйлегеніне риза болатын кейбір мұғалімдер де тікенді тілмен аяусыз әшкереленген. Диалогке құрылған әңгімеде олардың бейнесі өз сөздерінен-ақ танылады.
Сатиралық шығармаларда барлық адамның кем-кетігін бойына жинаған типтік бейне болады. «Қызым саған айтамын, келінім, сен тыңда» дегендей жазушы сол типтік бейнесін мазақтағанымен, шын мәнінде оқырманын әжуалайды. Сол секілді Берік Садырдың Пықып есімді кейіпкері – типтік бейне. Автор Пықыпты нұқып отырғанымен, сіз бен бізді тұқыртып отырғанын естен шығармайық.