• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:18

Ипотеканы қалай тиімді төлеуге болады?

20 рет
көрсетілді

Қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесовтің жауабы:

– Отбасы банкі арқылы бас­пана алып жатқан азаматтардың көбі бір маңызды жайтқа мән бермейді. Әңгіме – аралық кезең­нен тұрғын үй қарызына көшу сәті туралы. Иә, құжат жүзінде жай ғана техникалық рәсім сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, осы кезең болашақтағы ай сайынғы төлемнің көлемін айқындайды.

Қазір ипотеканың басым бөлігі 50/50 схемасы немесе арнайы бағдарламалар арқылы рә­сімделеді. Қарыз алушы құ­жат­­қа қол қойған кезде төлем кес­­те­сін бекітеді. Сол мезетте тек бас­тап­қы кезең ғана емес, тұрғын үй қа­рызына өткеннен кейінгі 3,5-5% мөлшерлемемен есептелетін тө­лем кестесі де бірге рәсімделеді. Көп­шілік осы төмен пайызды көріп, шартты тереңірек талдамайды. Алайда маңызды мәселе пайызда емес. Жүйе тұрғын үй қарызы бойынша мерзімді қысқартуы мүмкін. Мәселен, ба­ғалау көрсеткіші (ОП) 29 бол­ған жағдайда өнім желісінде мерзім ­9 жыл, яғни, 108 ай болуы ықти­мал. Бірақ нақ­ты төлем кесте­сін­де 90 ай ғана көрсетілуі мүм­кін. Яғни мер­зім 18 айға қысқа­ра­ды. Бір қараған­да айырмашы­лық үлкен емес сияқты. Бірақ дәл осы үдеріс ай сайынғы төлемге тіке­лей әсер ете­ді. Мерзім азайған ­сайын төлем көлемі өседі. Тиісін­ше, отбасы­ның қаржылық жүктемесі де күшейеді.

Әдетте «мерзім қысқарса, артық төлем азаяды» деген уәж айтылады. Шынында, жал­пы төленетін сома азаюы мүм­кін. Бірақ экономикалық ахуалды ескеру қажет. Егер қарыз мөл­шерлемесі 4% болса, ал ин­фля­ция 12% деңгейінде қалыптас­са, онда «артық төлем» ұғымы салыстырмалы сипат алады. Уақыт өткен сайын ақшаның құны өзгереді. Бүгінгі 100 теңге мен бірнеше жылдан кейінгі 100 теңгенің сатып алу қабілеті бір­дей емес. Сондықтан кей жағдай­да ұзақ мерзім қарыз алушы­ға тиімді болуы мүмкін. Ол ай сайынғы төлемді төмендетеді. Бұл өз кезегінде қарыздық жүк­теме коэффициентін азайтады, отбасы бюджетіне түсетін қы­сымды жеңілдетеді, қаржылық икемділікті арттырады.

Өмірде күтпеген жағдайлар болмай тұрмайды. Табыстың уақытша азаюы немесе қосым­ша шығындардың пайда болуы жоғары айлық төлем кезінде айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан да тұрғын үй қарызына көшу кезінде мерзімді мұқият тексеруге кеңес беремін. Өнім желісінде қарастырылған ең ұзақмерзімді талап етуге қарыз алушының құқығы бар. Бұл ай сайынғы төлемді төмендетіп, қаржылық тұрақтылықты сақ­тайды.

Тұрғын үй қарызына көшу – әдеттегі қалыпты рәсім емес, ал­дағы бірнеше жылға есептелген қаржылық шешім. Бір ғана мерзім көрсеткіші отбасы бюджетінің құрылымына елеулі ықпал етуі мүмкін. Сондықтан төлем кестесін үстірт қарап шықпай, әр санын мұқият саралаған жөн. Қаржылық шешім эмоцияға емес, нақты есепке сүйенуге тиіс. 

Соңғы жаңалықтар