Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай белгілі веломарафоншы, велошеру өткізуден үш дүркін рекордшы Ернат Рахметолла ерекше бастама жариялады. Атап айтқанда, велошабандоз қыс мезгілінде бір күн ішінде 160 шақырымды жүріп өтіп, әлемдік рекорд орнатуды мақсат етеді.
Ол бұған дейін 2022 жылдың 10 ақпанында елордадағы триатлон паркінде 150 шақырымды 9 сағат 56 минутта бағындырып, бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына алғашқы қысқы веломарафон ретінде енген. Кейін Рамазан айы кезінде де ерекше шартпен сынға түсіп, 109 шақырымды қысқа уақытта жүріп өту арқылы тағы бір рекорд тіркеген.
Жалпы, ол велошеруді көбіне тұлғалар мерейтойымен байланыстырып, қоғамдық үндеуге айналдырып келеді. Мәселен, 2024 жылы Мұстафа Өзтүріктің 70 жылдығына орай Бәйтеректен басталған бағытпен 70 шақырымды 5 сағатта жүріп өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастарды шыдамдылыққа, саламатты өмір салтына, табандылыққа шақыруды көздейді.
Бұл жолғы жобаның да өзіндік мәні бар. 160 шақырым – ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойына арналса, қысқы жағдайда бір күнде еңсерілетін қашықтық – Тәуелсіз ел жастарының төзімі мен асқақ рухының белгісі. Бұл бастама спорттық көрсеткіш қана емес, тарихи жадты жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған қоғамдық үндеу ретінде ұсынылып отыр.
Жаңа жобаның өзегі – жеке жетістік емес, ортақ рухты ояту. Ернаттың сөзінше, рекорд халықаралық талаптарға сай рәсімделіп, ресми түрде тіркелуге тиіс, сондай-ақ бастамаға БАҚ өкілдері мен демеушілерді тарту жоспарланған.
«Бұл – жеке көрсеткіштен бұрын тарихи жауапкершілік. Әр буын өз дәуірінің сынынан өтеді. Біздің сын – Тәуелсіздіктің қадірін іс арқылы көрсету», дейді жоба авторы.