Әлемде география саясаттан да, экономикадан да ықпалды болатын жағдай кездеседі. Соның бір айғағы – Ормұз бұғазы. Бұл тар теңіз өткелі жай ғана көлік дәлізі емес. Мұнда энергия, химия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы тізбектері түйіседі. Сондықтан Ормұздағы кез келген тұрақсыздық тек мұнай бағасын ғана емес, тыңайтқыш пен азық-түлік құнын да бірге қозғай алады, деп жазады Egemen.kz.
Tengenomika арнасының жазуынша, Ормұз арқылы әлемдегі теңізбен тасымалданатын мұнайдың шамамен 20-25 пайызы өтеді. Сондай-ақ сұйытылған табиғи газ саудасының да бестен бір бөлігі осы бұғаз арқылы тасымалданады. Бұл – Парсы шығанағын әлемдік энергетикамен жалғап тұрған басты қақпа. Сауд Арабиясы, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Иран секілді ірі өндіруші елдердің энергия ресурстары осы өткел арқылы әлемдік нарыққа жол табады. Қысқа мерзімде мұндай көлемді алмастыратын балама бағыттар өте аз.
Алайда Ормұздың ықпалы мұнаймен шектелмейді. Табиғи газ ауыл шаруашылығына аса қажет азотты тыңайтқыш өндірісінің негізгі шикізаты саналады. Габер-Бош процесі арқылы аммиак өндіру кезінде газ сутек көзі ретінде де, өндірістегі басты энергия көзі ретінде де пайдаланылады. Сол себепті карбамидтің өзіндік құнының 70-90 пайызы тікелей газ бағасына байланысты.
Ормұз бұғазы жабылса, мұнай бағасы күрт өсуі мүмкін
Еуропа мен Азия елдері тұтынатын газдың едәуір бөлігі Қатар мен Парсы шығанағы елдерінен сұйытылған газ түрінде жеткізіледі. Бұл ағынның басым бөлігі Ормұздан өтеді. Сарапшылар егер осы өткелде транзит шектелсе, алдымен газ бағасы өседі, артынша тыңайтқыш нарығына әсер ететінін атап өтеді.
Аграрлық жүйенің тағы бір маңызды бөлігі - фосфаттар. DAP және TSP секілді фосфатты тыңайтқыштар фосфат жынысынан өндіріледі. Оның негізгі минералы апатит саналады. Мұндай ресурстар жердің шөгінді қабаттарында кездеседі және оларды өңдеу көп энергия талап етеді. Фосфатты тыңайтқыштардың ірі өндірушілері қатарында Сауд Арабиясы, Иордания және Мысыр бар. Бұл өнімдердің өндірісі мен экспорты теңіз жолдарының тұрақтылығына және энергияның қолжетімді болуына тәуелді.
Иран төңірегіндегі шиеленіс: Мұнай бағасы ай басынан бері шамамен 24%-ға өсті
Сондықтан Ормұз бұғазының географиясы тек мұнай нарығына ғана емес, аграрлық ресурстарға да ықпал етеді. Парсы шығанағы арқылы тыңайтқыш компоненттерінің әлемдік саудасының едәуір бөлігі өтеді. Әлемдік күкірт саудасының шамамен 44 пайызы, карбамидтің 31 пайызы, аммиактың 18 пайызы және фосфаттардың 15 пайызы осы өңірмен байланысты.
Яғни Ормұздағы транзитке қандай да бір шектеу қойылса, энергия, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы қатар қозғалады. Бұл жағдай Қазақстанға да жанама әсер етуі мүмкін. Тыңайтқыш бағасының өсуі ауыл шаруашылығы шығындарын көбейтеді. Ал астық өндірісі экспортта маңызды орын алатын ел үшін мұндай құбылмалылық өнімнің өзіндік құнына, баға динамикасына және аграрийлер табысына ықпал етеді.
Ирандағы жағдай: Мұнай неге қымбаттады?
Осы тұрғыдан қарағанда, Ормұз бұғазы әлемдік картадағы шағын ғана нүкте емес. Ол – энергия мен азық-түлік тағдыры тоғысқан стратегиялық өткел. Ал ондағы кез келген толқу әлемдік нарықтарға ғана емес, Қазақстан секілді аграрлық елдердің экономикасына да әсерін тигізбей қоймайды.