• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:35

Зардап шеккендерге – жан-жақты жәрдем

10 рет
көрсетілді

Щучинск қаласындағы дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, жеті адам қаза тапқаны белгілі. Жан түршіктірген оқыс оқиға қаладағы көпқабатты үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада 26 ақпанда сағат 21.56-да болды.

Суыт хабар жетісімен жедел штаб құрылып, облыстық төтенше жағдайлар департа­менті мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық бригадалар жедел жасақталып, зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Қолда бар барлық мүмкіндіктер жұмылдырылды. Білікті мамандар жедел жетіп, санитарлық авиация оқиға орнына бағытталды.

Щучинск қаласындағы жағ­­­дайды облыс әкімі Марат Ахметжанов жедел штаб мүше­лерімен талқылады. Оқыс оқиға­ның салдарын жою шаралары, сондай-ақ зардап шеккендердің жағдайы туралы аудан әкімі Арай Садықов, төтенше жағдайлар де­партамен­ті басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов, ден­саулық сақтау басқармасы­ның басшысы Нариман Ермек, жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама­лар бас­қармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндады.

«Азаматтардың қауіпсіздігі басымдық болып қалуға тиіс. Осы бағытта қосымша шаралар қабылдап, зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қол­дау көрсетеміз», деп атап өтті М.Ахметжанов.

Облыс әкімі зардап шеккен­дер мен қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді, медициналық көмек­тің уақтылы жасалуын, жедел жәрдем бригадаларының тәу­лік бойы кезекшілігін ұйым­дас­тыруды, сондай-ақ оқиға себеп­­терін объективті тергеуді, кінә­лілерді жауапкершілікке тартуды, қауіпсіздік талаптары сақ­талуының бақылауын күшей­туді тапсырды.

Қаза болғандардың жақын­дарына 2 млн теңге көлемінде біржолғы төлемдер берілді. Бұған қоса дәмхана иесі қосымша әр отбасына 2 млн теңгеден төледі. Өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған 5 отбасының несиелері демеу­шілік қаражат есебінен өте­леді. Сондай-ақ заңнамаға сәй­кес әлеуметтік төлемдер таға­йындалады.

Мұндай жағдай өңірде бі­рінші рет болып отыр. «Тас түс­кен жеріне ауыр» демекші,  жеті адамның өмірін қиған, ондаған адам күйікке шалынып, бейнет шеккен оқиғаның салдары оңай болмасы анық. Төтенше жағдай­лар департаменті жыл бойы жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде абай болу керегін ескер­тіп-ақ келеді. Сал­ғырттықтың соңы осындай орны толмас оқиғаға жол ашқаны өкінішті.

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы 

Соңғы жаңалықтар