• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 10:47

Қазақстан үшін Қытай сабағы: Индустриялық саясат – серпін бе, әлде елестегі өсім бе?

20 рет
көрсетілді

Әлемдік экономика үшін Қытай тәжірибесі индустриялық салада үлкен зертханаға айналды. Аталған ел бұл бағытта ауқымды іс атқарып әрі серіктестерге әрдайым ыңғайлы болмай қатал принцип ұстанды. Индустрия жолында өзіндік жолымен алға беттеген елдің бұл тәжірибесі нәтижелі болып, Қытай технологиялық баспалдақпен ең жылдам көтерілген елдердің біріне айналды. Десе де мәселенің тәуекелді тұстары ретінде бұрмалау, қақтығыстар, құрылымдық тәуекелдер бой көтерді. Алпауыт елдің осы жолы бүгінде әлем елдерін қызықтырып әрі қорқытып отыр. Қызықтырған тұсы мен қорқытқан мәселелерді экономист, Tengenomika Telegram-арнасының авторы, «ФармМедИндустрия Казахстана» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов талдады, деп жазады Egemen.kz.

Сарапшы пікірінше, кейінгі жылдары индустриялануды тездеткісі келетін және сыртқы технологияға тәуелділікті азайтқысы келетін экономикалар, соның ішінде Қазақстан да Қытай жүйесіне «практикалық сабақ» ретінде көз тастайды. Бұл қатардағыларды қызықтыратын басты сауал Қытай моделінде нақты өсім қай жерде аяқталып, өзін-өзі алдау қай жерде басталатыны болып отыр.

«Қытайдың индустриялық саясаты мемлекет тарапынан жүйелі араласуға сүйенеді. Бұл бөлек-бөлек шаралардың жиынтығы емес, стратегия, жоспарлау, субсидия, нарықты бақылау және басымдықтарды қатаң таңдау сияқты құралдардың бір пакеті. Мақсат та айқын. «Бір күні» емес, нақты мерзімде шетелдік технологияға тәуелділікті азайту және алдыңғы қатарлы өндірісте көшбасшы болу. Осы бағытта тікелей субсидиялар, жеңілдетілген кредиттер, салықтық ынталандыру, мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар арқылы саясатты жүргізу, шетелдік ойыншыларға шектеулер, локалконтент талаптары, бірлескен кәсіпорындар арқылы технология трансфері сынды бірнеше негізгі құрал қолданылады. Ең маңыздысы, бұлардың бәрі жеке-жеке емес, бір жүйе ретінде жұмыс істейді», дейді Руслан Сұлтанов.

Индустриялық аймақтар өркендеп келеді

Қолға алынған осы шаралардың нәтижесі де көп күттірмеген. Мәселен аталған ел электр батареялары, электротехника, жоғары жылдамдықты көлік, цифрлық инфрақұрылым бағыттарында өз тізбегін құра алған. Қытай қысқа уақытта құрастырудан негізгі компоненттерді бақылауға өткен. Руслан Сұлтанов көптеген елдің осы әрекетті қайталағысы келгенмен, сыртқы әдемі суреттің артында жайсыз шындық барын атап өткен.

«Қытай моделі өте үлкен ресурс пен әкімшілік бақылауға сүйенеді. Бұл өз кезегінде бұрмалануларға жол беріп, тұрақты тиімділікке автоматты кепілдік бермейді. Үнемі қысым, түзету, қайта бөлу қажет. Қытайдың өз ішінде де мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға сүйенудің шегі бар екені көрініп отыр. Бұл сегменттерде өнімділік төменірек. Икемділік шектеулі. Артық қуат инновациядан жылдам жиналады. Соның салдарынан өсім барған сайын инвестиция көлеміне тәуелді болып, инвестицияның қайтарымы әлсірей береді», дейді экономист.

Сарапшы Қазақстанның бұл тұрғыда кей мәселелерді ескеру керек екенін алға тартып отыр.

«Қазақстан үшін бұл өте маңызды сигнал. Қытайдың табысын кейде «субсидия мен локалконтент әрдайым жұмыс істейді» деген дәлел ретінде көрсетеді. Бұл қауіпті жеңілдету. Қытайда субсидиялар жұмыс істеді, себебі олар қатал стратегияға байланған, өңірлер арасындағы бәсекемен күшейген және ресурстар үнемі қайта бөлініп отырған. Тіпті осының өзінде шығындар өсіп келеді. Ал осы модельді институтсыз көшіруге тырысқанда нәтиже жиі керісінше болып жатады. Субсидия тұрақты табыс көзіне айналады. Локалконтент құрастыруға түседі. Технология трансфері қағазда қалады. Экономика сырттай «индустриялық» болып көрінеді, бірақ іші бос болады. Қытайда локалконтент пен бірлескен кәсіпорын талаптарының мақсаты нақтыланған: мұнда жай ғана өндірісті кіргізу емес, білімді, процесті, стандартты шығарып алу маңызды. Соның өзінде нәтиже әр салада әртүрлі болды. Кейбір жерде шетелдік компаниялар негізгі құзыреттерін өзінде сақтап қалды. Кейбір жерде қытайлықтар шынымен қуып жетіп, басып озды. Осыдан басты қорытынды шығады: локалконтенттің өзі ештеңеге кепілдік бермейді. Ол не қосылған құнды өсіру стратегиясына кірігеді, не жай ғана «есеп үшін пайыз» болып қалады. Бірінші жағдайда инженерлік қабілет өседі. Екінші жағдайда құрастыруда «бұрмалаулар» саны ғана көбейеді», дейді Руслан Сұлтанов.

Қазақстан Қытай арқылы транзиттік автотасымалдау құқығын алған алғашқы ел атанды

Экономисттің пайымынша, Қазақстан Қытай сабағын «нұсқаулық» ретінде емес, ескерту ретінде оқу керек. Субсидия өсімді уақытша жылдамдатады. Ал локалконтент дамуды ынталандыра алады, бірақ ол құрастыру пайызы емес, қосылған құн арқылы өлшеніп отырса игі. Сарапшы тақырып қозғалғанда бәсеке маңызы назардан тыс қалатынын атап өткен.

«Қытай жүйесі қатал, бірақ біркелкі емес. Ел ішінде провинциялар, қалалар, компаниялар ресурстар мен статус үшін бәсекеге түседі. Аталған ішкі қысым мемлекеттік араласудың бір бөлігін теңестіреді. Қазақстанда мұндай қысым аз. Аймақтық та, корпоративтік те бәсеке әлсіздеу. Бұл саясаттың мүдделі топтардың қолына өту тәуекелін арттырады. Осындай ортада субсидия мен локалконтент тезірек тұрақты рентаға айналады. Қытай мемлекеттік компанияларды да саясат құралы ретінде кең қолданады. Оларға арзан қаржы мен нарыққа жол ашық. Бұл масштабтауға көмектеседі, бірақ тиімділікті төмендетеді. Қытайдың өз деректері де мемлекеттік сектордың өнімділігі жекеменшік сектордан төмен екенін көрсетеді. Қазақстан үшін бұл екі есе маңызды, өйткені квазимемлекеттік сектордың үлесі бізде онсыз да жоғары. Мемкомпанияларды индустриялық серпілістің негізгі тасымалдаушысы ету – жүйелі тәуекел. Көлемнің өсуі сапаның тоқырауын жасыра алады. Инвестиция өседі, қайтарым түседі. Экономика ауыр әрі инертті бола бастайды», дейді экономист.

Мемлекет басшысы креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелеріне өзгеріс енгізді

Сарапшы жоғарыдағы мәселелерді ескеріп, Қазақстан үшін Қытай сабағы «солай істеу» емес, табыстың бағасын және шарттарын түсіну ретінде болу керек деп есептейді.

«Қазақстанға индустриялық саясат керек. Бірақ лозунгты көшіретін емес, дамуды имитациядан ажырата алатын саясат керек. Нағыз суверенитеттің сызығы дәл осы жерде өтеді», деп түйіндейді Руслан Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар