• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты бірнеше елдің басшыларымен сөйлесті

10 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірімен, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен әңгімелесу барысында Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады.

Президент аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, осынау күрделі кезеңде Әмір мен бауырлас Қатар халқына тілектес екенін айтты.

Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанның ұдайы қолдауы үшін ризашылығын жеткізіп, екі ел арасындағы сан қырлы қарым-қатынасты достық және стратегиялық серіктестік рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Қазақстан Президенті қасиетті Рамазан айында Қатар Әмірінің мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Қатар халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті.

Қазақстан Президенті Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Әмірліктердің басшылығы мен барша халқына шынайы құрметін, қолдауы мен тілектестігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыс барысында Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылатынын айтты.

«Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде қарастырады, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы БАӘ азаматтық нысандарына, сондай-ақ Шығанақтағы басқа да елдерге жасалған шабуыл қатаң айыпталуы керек деп санайды. Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян еліміздің қолдауын жоғары бағалап, қазіргі халықаралық дағдарысты еңсеруде көмек көрсетуге ықылас танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейіл екенін растады. Сондай-ақ қасиетті Рамазан айында екі елдің халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Соңғы жаңалықтар