Елімізде дәрілік заттардың бағасы жаппай өсіп жатыр деген ақпарат әлеуметтік желілерде жиі таралып жатыр. Алайда жүргізілген ресми мониторинг деректері бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын көрсетеді. Керісінше, 2025 жылы енгізілген мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігі аясында бірқатар дәрі бағасы төмендеген, деп жазады Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, биыл дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңа моделі іске қосылды. Бұл тетік баға қалыптастыру үдерісінің ашықтығын, объективтілігін және болжамдылығын арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта 4994 сауда атауындағы дәрілік затқа шекті баға бекітілген. Ал 1707 рецептісіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық бағамен сатылып жатыр. Дегенмен олардың құны уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында тұр.
Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген талдау нәтижесі баға серпінінің төмендеу бағытына ойысқанын аңғартады. Қыркүйек айында маусыммен салыстырғанда позициялардың 34%-ында баға орта есеппен 7,8%-ға төмендеcе, қазан айында позициялардың 50%-ында баға орта есеппен 11,1 %ға арзандаған.
Бұл – мемлекеттік реттеу тетігінің нақты нәтижесі бар екенін көрсететін көрсеткіш.
Енді азаматтар дәрі-дәрмек бағасын Naqty Onim арқылы тексере алады
Мониторинг барысында бірқатар кеңінен қолданылатын препараттардың бағасы едәуір төмендегені анықталды. Атап айтқанда:
- Гепар комп. Хеель – 41,2%-ға; - Ревмоксикам® – 32,5%-ға; - Цефяпс – 31,6%-ға; - ВАЛМАК-Н – 24,7%-ға; - Зитмак® – 20%-ға.
Аталған дәрілер түрлі ауруларды емдеуде жиі тағайындалады және халық сұранысына ие.
Елімізде дәрі-дәрмек бағасы қымбаттады және тапшылық байқалуда: Себебі неде?
Заң талаптары қатаң сақталадыКомитет барлық өңірде дәрілік заттар бағасына тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырып отыр. Шекті бағадан асыра сату фактілері анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Бағаны негізсіз көтеру немесе дәрі-дәрмек сату кезінде заңбұзушылықтарға тап болған азаматтар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы немесе Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне жүгініп, шағым қалдыра алады. Барлық өтініштер заңнама талаптарына сай қаралады.
Құзырлы орган тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, тексерілген деректерге ғана сенуге шақырады.
Қосылған құн салығы дәрі-дәрмек бағасына әсер етпейді