• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Күрес Бүгін, 16:34

Грек-рим күресінен Бішкекте төрт жүлде алдық

30 рет
көрсетілді

Былтырғы Азия чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлерінің қоржынына бірде-бір алтын медаль түспеген еді. Амманда қос күміс пен қос қоланы қанағат тұттық, деп жазады Egemen.kz. 

Бұл жүлделерді Омар Сатаев пен Әлімхан Сыздықов (күміс) және Ибрагим Магомадов пен Шәміл Ожаев (қола) иеленді. Бұл көрсеткішке қазақ жанкүйерлерінің көңілі толмады. Өйткені, грек-рим күресінде жеңіспен өрілген бай дәстүріміз бар. Дәл осы спорт түрін серік еткен балуандарымыз кезінде толағай табыстарға қол жеткізіп, сары құрлықта үстемдік құрды. Күллі әлем бізбен санасатын. Сондықтан да Иорданиядағы сәтсіздікті «кездейсоқтық» деп қабылдадық. Келесі жылы сол олқылықтың орнын толтыруға күш-жігеріміз бен әлеуетіміздің жететініне қатты сендік. 

Алатаудың арғы бетіндегі бәсеке бұл жолы біздер үшін көңілсіздеу басталды. Алғашқы күні бозкілемде белдескен бес балуанның бірде-біреуі финалға шыға алмады. Тұсаукесер кездесулерінде ирандық Мохаммад Панахасаниден ұтылған Нұрзат Қабдарқымов (55 кг) пен жапониялық Юта Нарадан жеңілген Жоһар Ұзаров (130 кг) бірден көрермендер қатарына қосылды.

Жеребе Сайфолла Құрманды (63 кг) түркіменстандық Азатжан Ачиловпен жолықтырғанда қандасымыздың айқын жеңіске қол жеткізетініне еш күмән болмады. Бірақ қатты қателескен екенбіз. Бішкекте Азатжан Сайфоллаға сан соқтырып кетті. Соған қатты күйіндік. Шыны керек, сол сәтке дейін Қазақстанның грек-рим күресі мектебінің түлегі Түркіменстанның өкілінен ұтылады деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге де кірмеген. Сөйтіп, үш жерлесіміз жер құшты.

Оларға қарағанда Қаһарман Қисыметовтің (77 кг) тұзы жеңіл екен. Алғашқы айналымда ол Қырғызстанның мақтанышы Ақжол Махмұдовтан ойсырай ұтылғанымен, жүлделі орын үшін таласу құқығын сақтап қалды. Себебі, Ақжол финалға дейін жетіп, жерлесімізге жол ашты. Бірақ Қисыметов өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Жұбаныш белдесуде жапониялық Исами Норикитаны ұтқан ол үшінші орын үшін бәсекеде өзбек Дониорхон Накибовтан айласын асыра алмады. 

35 жастағы Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) тұсаукесер кездесуінде  Оңтүстік Кореяның оғыланы Сеунгхван Лиді еш қиналмай жыққанымен, жартылай финалда 20 жастағы жергілікті жас дарын Асан Жанышевтан оңбай жеңілді. Қандасымыз қола медаль үшін бәсекеде түркіменстандық Давлетмұрат Байрамовты бас көтертпей ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Солардың арасынан финалға тек Алматбек Аманбек (72 кг) шықты. Қытайлық Донжу Ли мен қырғыз Амантұр Исмайыловты жолынан ығыстырған қандасымыз шешуші тұста жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы, ирандық Мохаммад Джавад Резаимен күш сынасты. Сын сағатта Алматбек өзін жақсы қырынан көрсетті. Қарсыласы алға ұмтылған сәтте қарымта шабуылға жүгінген ол оны жығып алды да, тырп еткізбей ұстады. Резаи жеңілгенін мойындады. Алматбек – Азия чемпионы!

Жартылай финалда жеңіліс тауып, бас жүлде үшін сайысқа түсу мүмкіндігінен айырылған Ибрагим Магомадов (82 кг) пен Ислам Евлоев (97 кг) қола медаль үшін күресті. Осы сынақтан олар мүдірмей өтті. Ибрагим аса шиеленісті бәсекеде қытайлық Руи Лиуді екі ұпай айырмашылығмен ұтса,  Ислам оңтүстікореялық Минху Лиді 1 минут 27 секундта тас-талқанын шығарды. Ал ирандық Әли Абдоллах Ахмади Вафаға әлі жетпеген Ербол Камалиев (60 кг) бесінші орынды қанағат тұтты.

Грек-рим күресі жарысының жалпы командалық есебінде Қырғызстан құрамасы жеке-дара көш бастады. Жарыс қожайыдары төрт салмақ дәрежесінде бас жүлдені қанжығаға байлады. Екінші және үшінші орындарда – Иран (2 алтын+4 күміс+3 қола) мен Өзбекстан (2+1+2). Төртінші мен бесінші сатыға Қазақстан (1+0+3) мен Катар (1+0+0) жайғасты. Сондай-ақ, жүлде алғандар қатарында Үндістан (0+2+3), Жапония (0+1+2), Солтүстік Корея (0+1+0), Қытай (0+0+4) және Оңтүстік Кореяның (0+0+3) балуандары бар.    

Грек-рим күресінен Азия чемпиондары

55 кг – Ихтиер Батыров (Өзбекстан), 60 кг – Әлішер Ганиев (Өзбекстан), 63 кг – Автандил Таалайбекұлы (Қырғызстан), 67 кг – Раззақ Бейшекеев (Қырғызстан), 72 кг – Алматбек Аманбек (Қазақстан), 77 кг – Ақжол Махмұдов (Қырғызстан), 82 кг – Шахин Бадахи (Катар), 87 кг – Асан Жанышев (Қырғызстан), 97 кг – Мохаммадхади Сарави (Иран) және 130 кг – Әмин Мирзазаде (Иран).     

Соңғы жаңалықтар