Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Депутаттар бастамашы болған ғылым мәселелері бойынша ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулер (бірінші оқылымда), сондай-ақ әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет, педагог мәртебесі және білім беру мәселелерін реттейтін заң жобаларын қарап, тиісті шешімін шығарды.
Педагогтердің құқығы күшейтілді
Жалпы отырыстың күн тәртібіне кеңірек тоқталсақ, Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Құжатта әскери қызметті өткеру және әскерилерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін бірқатар норма ұсынылған.
Сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Мәжіліс жұмысқа алған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» бір-бірімен ұқсас екі заңның жобасын таныстырды. Бұл заң жобалары педагогтердің құқын қорғауды күшейту мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленіпті.
– Біріншіден, педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілігін тек оқу үдерісі барысында айқындау ескерілген, яғни оқудан тыс уақытта және каникул немесе кешкі уақытта ата-анасының жауапкершілігі болуға тиіс. Екіншіден, педагогтерді олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға тартуға жол бермеу нормасы қамтылған, – деді депутат Асхат Аймағамбетов жалпы отырыста.
Сонымен қатар ол есептілікті бір мезгілде екі форматта – қағаз және электронды түрде жүргізуге тыйым салу ұсынысы енгізілгенін атап өтті. Есеп құжаты тек бір форматта болуға тиіс.
– Төртіншіден, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске педагогтердің құқығын бұзғаны үшін санкцияларды күшейту жөніндегі нақты нормаларды ұсынып отырмыз, – деді депутат.
Депутаттар қос заң жобасын бірауыздан қолдап, қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылдады.
Ғылымды алға жетелейтін нормалар
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов ғылыми жобаны бастау мерзімі нақты сол келісімшарт басталған күннен белгіленетінін айтты.
– Ғалымдарымыздың 10 жылдан аса уақыт көтерген проблемасын шешетін нормалар енгізіліп отыр. Бүгінде ғылымды қаржыландыруда үлкен мәселе бар. Ғылыми гранттар негізінен үш жылға, яғни 36 айға жоспарланады. Алайда конкурстық рәсімдердің созылуына байланысты іс жүзінде ғылыми жоба алғашқы жылы қаңтарда емес, жылдың соңына қарай басталады. Соның салдарынан ғалымдар зерттеуді толық үш жыл емес, шамамен 2 жыл ғана жүргізеді. Ал бұл ғалымдардың қолына түсетін қаржыландыру көлемінің де қысқаруына әкеліп отыр, – деді депутат.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, депутаттар ұсынған нормаларға сәйкес, ғылыми жобаны бастау мерзімі автоматты түрде қаңтар айынан емес, нақты сол келісімшарт басталған күннен бастап белгіленеді.
– Сәйкесінше, ғалымдар енді бөлінген қаражаттың 70-80 пайызын ғана емес, толығымен 100 пайызын алып, жоспарланған уақытты да 100 пайыз пайдаланып, сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік алады, – деді ол.
Қысқасы, Мәжіліс ғылым мәселелері бойынша ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған депутаттық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі айқындалады. Олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, академиялық еркіндікке кепілдік беру, шығармашылық еркіндігі, сондай-ақ ғылыми қызметінің бағыттарын жоспарлау және айқындау мүмкіндігі қарастырылған. Ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету тетігі бекітіледі.
Ғылыми қызметті қаржыландыру тәртібі жетілдірілді. Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) квазимемлекеттік сектор субъектісі ретінде айқындалады. Бұл ҰҒА мүлкін қалыптастыру мен оған иелік ету тәртібін, қаржыландыру көздерін және әкімшілік-басқару қызметіне қатысты өзге де мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуге мүмкіндік береді.
Жұмысқа алынған заң жобасында ғалымдарға еліміздегі кез келген зертхананы қолжетімді ететін норма – ұжымдық пайдаланылатын зертханалар тетігі енгізіледі. Бұл норма бюджет есебінен сатып алынған ғылыми инфрақұрылымды тиімді әрі баршаға қолжетімді пайдалану үшін өте маңызды.
Яғни арнайы ақпараттық жүйеде кез келген ғалымға қай жерде қандай зертхана бар, ол қай уақытта бос және онда қалай зерттеу жүргізуге болатыны көрсетіледі. Осы арқылы ғылыми инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік ашылмақ.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Келісімнің негізгі мақсаты – ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, мемлекеттер аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, келісім ел аумағында болу шарттарын бұзған немесе заңсыз кірген адамдарды өз еліне қайтаруды көздейді. Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жағалтқан адамдарға да қолданылады.
Жол жүйесі реттелуге тиіс
Жалпы отырыс соңы депутаттық сауалдарға ұласты. ОСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов «Эпштейн файлдары» деп аталып кеткен атышулы іске қатысты Бас прокурор Берік Асылов пен ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдады.
– Әлемдік саяси кеңістікті «Эпштейн файлдары» деп аталатын материалдардың жариялануына байланысты дау-дамай әлі де дүр сілкіндіріп отыр. Жетекші демократиялық мемлекеттер аталған жанжалға қатысы бар тұлғаларға қатысты парламенттік тексерулер мен қылмыстық қудалау шараларын бастап кетті. ОСДП фракциясы бұл тақырыпты елемей қалдыруға болмайды деп есептейді, – деді А.Рақымжанов.
Оның айтуынша, отандастарымыз ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және олардың репутациясы күмәнді жабық клубтарда ел ертеңін саудаға салған, я салмағанын білуге құқылы.
«Эпштейн файлдарында» бұрынғы Үкімет басшысы, ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімовтің аты 8 мәрте аталған және жазбалардан Джеффри Эпштейн мен К.Мәсімовтің жеке таныс болғаны анық аңғарылады.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық банк төрағасы сынды мемлекеттің маңызды лауазымды қызметтерін атқарған Қайрат Келімбетовтің де аты бірнеше мәрте аталған және оның Эпштейнмен кездескені айтылады.
– Жарияланған құжаттарда «Ескі Қазақстанның» саяси элитасы өкілдері, яғни маңызды мемлекеттік қызметтер атқарған тұлғалар аталады. Мұндай деңгейдегі шенеуніктердің моральдық бейнесі мен жеке байланыстары – жеке өмір мәселесі емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен ел беделіне қатысты мәселе, – деген депутат «Эпштейн файлдарында» аталған отандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысты адамдар туралы ақпаратты тексеріп, бұл кездесулердің сипаты мен мақсаттарын анықтау қажеттігін ұсынды.
Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікке төнер ықтимал қатерлерге, оның ішінде лауазымды тұлғаларды компрометациялау тәуекелдеріне және мемлекеттік құпияларды жария ету ықтималдығына құқықтық баға беруді сұрады.
Сондай-ақ Премьер-министрдің атына сауал жолдаған депутат Олжас Құспеков Жол қорын құруды ұсынды.
– Жыл сайын еліміздің жолдарында адамдар қаза табады. Бұл – жай ғана құрғақ статистика емес, республикалық тасжолдардың жай-күйі мен күтімі азаматтардың қауіпсіздігіне, ел экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер ететінін көрсететін жүйелі белгі. Тек өткен жылдың өзінде 36 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 14 пайызға көп. 51 мыңнан аса адам зардап шегіп, 2,5 мыңға жуық азаматымыз қаза тапты. Бұл ретте ең ауыр апаттар дәл осы қала сыртындағы тас жолдарда орын алып жатыр. Ал ол жердегі инфрақұрылым барынша сапалы әрі болжамды болуға тиіс, – деді депутат.
Оның сауалда келтірген дерегіне сүйенсек, автожол саласының жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 1,9 трлн теңге деп бағаланса, нақты қаржыландыру шамамен 1 трлн теңгені құрайды. Осыған байланысты депутат елімізге ашық, тұрақты және ұзақ мерзімге жұмыс істейтін Жол қоры қажеттігін алға тартты. Мұндай тетік республикалық жолдарды салу, күтіп ұстау және жаңғырту үшін тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа су ресурстарын қайта пайдалануға қатысты жолдаған депутаттық сауалында Баянауылда суды қайта пайдалану бойынша қанатқақты жоба әзірлеу керектігін ұсынды.
Ал Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде мәлімдеме жасады. Ол «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап ел аралап, қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, жаңа Конституцияны талқылап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ тек кейінгі 7 жылда еліміз отыз жылда ойға келмеген, іргелі және маңызды өзгерістерді бастан өткеріп жатқанын айтты.
– Президенттің бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті жүзеге асты. Оған қоса 2022 жылы қабылданған конституциялық реформаның орны ерекше. Бірақ кейінгі жылдары елдегі ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті етті, – деді А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда – заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылған.
Референдумға аз уақыт қалғанына назар аударған депутат әріптестерін Парламент мінбері арқылы қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандыратын мәселелерге өз бағыттары бойынша түйінді мәлімет беруге шақырды.