Қазір сенаторлар еліміздің барлық өңірінде кездесулер өткізіп жатыр. Шалғайда жатқан ауылдық елді мекендерге де ат басын бұрды.
Сенат депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Бибігүл Жексенбай елордада Ұлттық мұрағат ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының қоғам үшін маңызын талқылады. Атап айтқанда, Ата заңдағы өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі, әділдік пен жауапкершілікті қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөліне қалай әсер ететінін айтты.
«Мұрағат ісін цифрландыру, деректер базасын дамыту, құжаттардың сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – бұл құқықтық мемлекет пен еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосады», деді Д.Қыдырәлі.
Ал депутат Евгений Больгерт Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың ұжымымен кездесті. Онда сенатор медициналық көмек құқығын бекітетін жаңа Конституция жобасының 32-бабына тоқталды. Е.Больгерттің айтуынша, норманың жаңа редакциясы заңды түрде дәлірек әрі жүйелі, ал мемлекет денсаулық сақтау саласындағы міндеттемелерін сақтап, одан әрі күшейтеді.
Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Сұлтанбек Мәкежанов, Нурия Ниязова мен Жанна Асанова әлеуметтік сала өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Олар сала қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау, білім беру мен халықты әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады.
Әлішер Сатвалдиев Шымкент қаласында №107 жалпы орта білім беру мектебінің ұжымымен кездесті. Сенатор жаңа Конституция жобасында ұсынылған өзгерістер саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ әділетті қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Сенаторлар Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Күзиев Алматы облысының Іле ауданындағы «Алатау Жарық» АҚ еңбек ұжымымен, ал Сұлтан Дүйсембинов Жамбыл ауданының Б.Қыдырбекұлы атындағы ауыл тұрғындарымен, сондай-ақ Қонаев қаласындағы ЖЭО ұжымымен кездесті. Сенатор егемендік, тәуелсіздік, мемлекеттің біртұтас сипаты, аумақтық тұтастық және басқару нысанының өзгермейтіндігін бекіту мәселелерін айтып берді.
Сонымен қатар Амангелді Есбай мен Ғалиасқар Сарыбаев – Жетісу, Мұрат Қадырбек – Түркістан, Шәкәрім Бұқтұғұтов пен Ольга Булавкина – Шығыс Қазақстан, Ләззат Рысбекова – Батыс Қазақстан, Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров – Маңғыстау, Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов – Атырау, Амангелді Нұғманов – Ақтөбе, Серік Өтешов пен Советбек Медебаев Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, елдегі реформалардың мән-жайын мәлімдеп берді, халықтың көкейде жүрген мәселелерін де жинақтап қайтты.