• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 12:54

Қазақстан сыртқы саудада рекордтық тауар айналымы көрсеткішіне жетті

10 рет
көрсетілді

Өткен жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы жаңа рекордқа жетті. Дегенмен жалпы көрсеткіш өссе де, сауда профициті соңғы 4 жылдағы ең төмен деңгейге дейін азайды. Мамандар мұны әлемдік шикізат нарығындағы баға құбылысымен және импорт көлемінің артуымен байланыстырады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Тауар айналымы тұрақты өсіп келеді

Алдын ала дерек бойынша, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд долларға жетті. Бұл – 2024 жылғы нақтыланған көрсеткіштен 1,8 млрд долларға артық. Соңғы бес жылда сыртқы сауда көлемі тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2020 жылмен салыстырғанда айналым шамамен үштен екіге ұлғайған.

2025 жылы экспорт көлемі 79 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылғы деңгейден және 2022 жылғы тарихи максимумнан сәл төмен. Сарапшылар мұны әлемдік шикізат бағасының төмендеуімен түсіндіреді. Ал импорт керісінше өсіп, 64,8 млрд долларға жетті (2020 жылы – 38,9 млрд доллар).

Нәтижесінде сыртқы сауда профициті сақталғанымен, біртіндеп қысқарып келеді. Өткен жылы 14,2 млрд доллар болды. Салыстырмалы түрде 2024 жылы – 21,3 млрд доллар, ал 2022 жылы 33,7 млрд доллар болған еді.

Еуразиялық нарықтағы сауда құрылымы

Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы одақ мемлекеттерімен тауар айналымы 30,9 млрд доллар шамасында сақталды.

ЕАЭО елдерінің жалпы айналымдағы үлесі 21-22% деңгейінде тұрақтанған. Алайда бағыттар бойынша айырмашылық бар. Мәселен, экспорттың тек 12,8%-ы осы нарыққа жіберілсе, импорттың 32%-ы осы аймақтан келеді. Сондықтан бұл бағытта теріс сауда сальдосы сақталған – импорт көлемі экспорттан екі еседен астам жоғары.

Араб елдерімен сауда байланысы нығая түсті

Сауда серіктестерінің құрылымы

Қазақстанның сыртқы саудасы бірнеше елге жоғары дәрежеде шоғырланған. Қытай мен Ресей бірге жалпы тауар айналымының шамамен 43%-ын қалыптастырды. Қытайдың үлесі – 23,7% (34,1 млрд доллар), Ресейдің үлесі – 19% (27,4 млрд доллар).

Ал импорт құрылымында осы екі елдің жиынтық үлесі 58,9%-ға жетті. Ресеймен саудада айқын дефицит байқалады – импорт 19,2 млрд доллар болса, экспорт 8,1 млрд доллар ғана. Қытаймен өзара сауда салыстырмалы түрде теңгерімді: импорт – 18,9 млрд доллар, экспорт – 15,2 млрд доллар.

Экспорт географиясында Еуропа елдерінің орны ерекше. Қазақстан мұнайының негізгі тұтынушылары қатарында Италия (15,6 млрд доллар) көш бастады. Одан кейін Нидерланд, Франция, Румыния және Грекия орналасқан. Азия нарығында мұнай экспорты негізінен Қытай мен Түркия бағытталған.

Елімізде зауыт емес, сауда орталықтары көп салынады: Сандар сөйлесін

Ал экспорттың шамамен үштен екісі бес негізгі тауар тобына тиесілі. Атап айтсақ: 

Мұнай және мұнай өнімдері – 39,9 млрд доллар (экспорттың 50,5%). Қазақстан мұнайы көбіне Еуропа нарығына жеткізіледі. Уран – 5,1 млрд доллар (6,5%). Негізгі сатып алушылар – Қытай (2,2 млрд доллар) және Ресей (1,6 млрд доллар). Қазақстан әлемдегі жетекші уран өндірушілердің бірі саналады. Тазартылған мыс – 4,1 млрд доллар (5,2%). Негізгі нарықтар – Қытай мен Түркия. Ферросплавтар – 2,1 млрд доллар. Бидай және меслин – 1,6 млрд доллар.

Қазақстанның импорттық қоржыны экспортқа қарағанда әлдеқайда көпсалалы. Ешбір тауар тобы жалпы импорттың 5%-ынан аспайды. Өткен жылы елге 236,9 мың автомобиль әкелінді. Оның ішінде Қытай-дан 163,8 мың көлік жеткізіліп, құны 1,4 млрд доллар болды.

Автомобиль импортында Америка Құрама Штаттары, Жапония, Германия, Ресей және Оңтүстік Корея өндірушілері де маңызды орын алады.

Екінші орында – дәрі-дәрмек импорты (1,9 млрд доллар). Негізгі жеткізушілер қатарында Германия, Үндістан, Түркия және Ресей бар. Одан кейін киім-кешек (1,6 млрд доллар), телефон құрылғылары (1,5 млрд доллар) және автокөлік бөлшектері (1,4 млрд доллар) келеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан сыртқы саудасының тұрақтылығы бірнеше факторға тәуелді болады. Олар – мұнайға тәуелділік, ЕАЭО нарығындағы теріс сальдо және технологиялық импортқа сұраныстың артуы.

2026 жылы сыртқы сауда құрылымы әлемдік шикізат бағасына, ішкі сұраныстың өсу қарқынына және өндірістік әртараптандыру деңгейіне байланысты болмақ.

Ішкі саудаға серпін: Кәсіпкерлерге 4,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді

Соңғы жаңалықтар