Сенат депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары жалғасып жатыр. Олар ауыл-аймаққа жаңа Конституциядағы басым бағыттарды жан-жақты талдап, 15 наурызда өтетін референдумның маңызын түсіндірді.
Сенаторлар Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев Алматы облысындағы жұмыс сапары аясында Алатау қаласында орналасқан «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
«Референдум – еліміздің дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды қоғамдық-саяси қадам. Азаматтардың мемлекет өмірінде шешім қабылдауға тікелей қатысуы демократия қағидаларын нығайтады және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді арттырады. Ашық талқылау мен пікір алмасу қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етіп, мемлекет пен азамат арасындағы сындарлы диалогті дамытуға негіз қалыптастырады», деді Ж.Жөргенбаев.
Ал сенатор Алтынбек Нұхұлы «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Павлодар облысында Марғұлан ғылыми орталығында ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Ол негізгі заң жобасы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтары ретіндегі білім, ғылым және инновацияның рөлін күшейтуді көздейтінін айтты. Кездесуде сондай-ақ мәдени мұраны сақтауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және құндылықтардың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған ережелер, технологиялық, цифрлық дамуды құқықтық жағынан күшейту мәселелері талқыланды.
Депутаттар Шәкәрім Бұқтұғұтов пен Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысының халқымен кездесті. Олар Алтай қаласының тұрғындары мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне жаңа заң жобасының басты ережелері – мемлекеттік басқару үлгісін жүйелі жаңарту, Парламенттің рөлін күшейту, қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту мәселелерін айтып берді. Сенаторлар белсенді азаматтық ұстаным танытып, тұрғындардың жаңа конституция жобасына бейжай қарамай алдағы референдумға қатысатындарына сенім білдірді.
Сонымен қатар Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Руслан Рүстемов жаңа Конституция жобасының ережелерін және заңдылық пен экономикалық қауіпсіздікті нығайту мәселелерін түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өткізді. Тасбөгет кентінде тұрғындармен мазмұнды кездесу өтті. Онда негізгі заңның жаңа редакциясының жобасын қалыптастырудағы маңызды тәсілдер талқыланды.