Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының бірлесе ұйымдастыруымен елордада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң отырысы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін, олардың институционалдық, құқықтық және саяси салдарын ашық талқылау форматында өткен сараптамалық кезедесуде Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин алғысөз сөйлеп, жаңа Ата заң жобасының маңызына тоқталды.
– Жаңа Конституция – заңдық тұрғыда ең жоғары тұратын жай ғана құжат емес, бұл – белгілі бір дәрежеде қоғамдық келісім. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа жоба біздің бірегейлігімізді және бірқатар негізгі мәселелер бойынша қалыптасқан қоғамдық консенсусты әлдеқайда нақты көрсетеді. Ең бастысы, жаңа Конституция қай бағытта жүріп келе жатырмыз, болашақта қандай мемлекет құруды көздеп отырмыз деген сұрақтарға нақты жауап береді. Алғаш рет ғылым, білім және инновациялар мемлекет дамуының стратегиялық негізі ретінде бекітілмек. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған ел атануды көздейді. Осылайша, жаңа Конституция дамудың жаңа басымдықтарын айқындап, ел өркендеуінің жаңа векторын белгілейді, – деді Е.Қарин.
Сондай-ақ Конституция тек ең жоғары заңдық құжат әрі құқықтық акт қана емес, сонымен қатар бүгінгі қоғамдық сұраныстарды тап басатын саясат логикасына сай екенін атап өтті.
– Меніңше, жаңа Конституция мүдделер тепе-теңдігін неғұрлым айқын бекітуге, қоғамдағы жаңа сұраныстар мен үміттерді дәлірек көрсетуге мүмкіндік береді, шектен шықпай, парасатты тепе-теңдікті сақтай отырып және ақылға қонымды саясат логикасын растайды, – деді Е.Қарин.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияны әзірлеу және оны қоғамдық талқылау жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – құжат қоғамда қалыптасқан тепе-теңдік пен келісімді ғана бекітіп қоймай, елдің қай бағытта дамитынын және Қазақстан болашақта қандай мемлекет құруды көздейтінін айқындайтын басты сұраққа жауап береді.
Еліміздің жаңа Негізгі заңының артықшылықтарын ашып көрсетуге арналған сараптамалық талқылау әрмен қарай панелдік сессияларда жалғасты. Алғашқы сессия саяси трансформация, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік институттардың үйлесімділігі мен басқарылуын күшейту мәселелеріне арналды. Пікірталасты Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов жүргізіп, жаңа саяси модель институционалдық жетілуге бағытталғанын атап өтті.
Саясаттанушы Марат Шибұтов қазіргі Конституция жобасы ауқымы мен құқықтық реттеу тереңдігі жағынан сапалық тұрғыда ерекшеленетінін атап өтсе, Әділет министрі Ерлан Сарсембаев жаңа Конституция жобасындағы ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы мәселесіне түсініктеме берді.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент жұмысы қалай өзгеретіні және оның елдің жаңа саяси жүйесіндегі ықпалы қалай артатыны туралы сұраққа жауап берді.
– Қазіргі жағдайда біз, бір жағынан, заңдардың жедел, уақтылы әрі жоғары сапада қабылдануын қамтамасыз етуіміз қажет. Екінші жағынан, саяси бәсекелестікті күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер жасау маңызды, – деді депутат.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Индира Рыстина толық пропорционалды жүйе жағдайында партиялардың жұмысы қалай өзгеретіні туралы пікір білдірді.
– Аралас модель кезінде партиялар бірмандаттық округтердегі жекелеген кандидаттардың беделіне сүйене алса, пропорционалды жүйеде заң шығарушы билікті қалыптастырудың жалғыз арнасы партияның өзі болады. Бұл персоналистік саясат моделінен бағдарламалық-партиялық модельге көшуді білдіреді. Айрықша маңыз өңірлік деңгейге беріледі, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов билікті бөлу жаңа моделінің заң қабылдау жылдамдығы мен сапасына ықпалы туралы айта отырып, ең бастысы, жылдамдық емес, заң шығарушы орган жұмысының тиімділігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір палаталы өкілді орган заң жобаларының институционалдық үзілістерсіз үздіксіз қаралуын қамтамасыз етеді.
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек модераторлық еткен екінші панельдік пікірталас қоғамдық қатысудың жаңа тетіктерін және конституциялық бақылауды қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының есептілігін күшейтуге арналды.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жаңа Конституция жобасында Құрылтайдың бақылау функцияларын күшейтуге ерекше мән берді. Ал Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова Қазақстан Халық кеңесінің бірнеше қоғамдық алаңдардың тарихи және институционалдық тәжірибесін біріктіретін орган ретіндегі рөліне тоқталды.
Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова конституциялық реформаның өңірлік өкілдікке әсеріне тоқталса, қоғам қайраткері, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі Ерлан Смаилов жаңа Конституция жобасының экологиялық бағытқа ие екенін атап өтті, өйткені преамбулада табиғатты қорғау қағидаты бекітілген.
«Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина Нұрғалиеваның модераторлығымен өткен үшінші сессия жаңа Конституцияның редакциясында адам құқықтары мен бостандықтарын жүйелі түрде бекітуге, процестік кепілдіктерді күшейтуге және құқық қорғау институттарын дамыту тақырыбына арналды.
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева жаңа Конституция жобасы заңнамалық актілердің үлкен массивін қайта қарауды, бүгінгі жаңа нормалар, баптар мен ережелер арқылы олардың әлеуетін ашуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ «қоғамның моральдық негіздері» мен «қоғамдық тәртіп» ұғымдарын түсіндіруге тоқталды.
Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев құқық қорғау стандарттарын конституциялық деңгейде бекітудің негізгі маңыздылығын баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан Конституцияда ең жоғары құқықтық деңгейде барлық мемлекеттік органдар мен қоғам жұмысының адам құқықтарын басымдылығын бекітеді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева цифрлық трансформация жағдайында балалардың дербес деректерін қорғауды күшейту қажеттігін айтса, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова цифрлық қауіп-қатерлер мен жаңа Конституция жобасының құқық қорғау әлеуеті туралы пікір білдірді.