• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

2025 жылы ел экономикасы қалай дамыды?

10 рет
көрсетілді

Былтыр еліміздің сыртқы сауда айналымы жалпы көлем жағынан тұрақтылық сақтағанымен, оның ішкі құрылымы айтарлықтай өзгерді. Экспорт азайып, импорт көбейген сайын сауда балансының артықшылығы қысқарып, экономикадағы сыртқы тірек әлсірей түсті, деп жазады Egemen.kz.

Өткен жылы елдің сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі 79,0 млрд долларды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда кеміді. Ал импорт, керісінше, 64,8 млрд долларға дейін өсті. Соның салдарынан сауда балансының оң айырмасы бір жылда 21,3 млрд доллардан 14,2 млрд долларға дейін азайды. Жалпы ішкі өнімге шаққанда бұл көрсеткіш 7,3%-дан 4,6%-ға түсті.

Экономикаға $58 млрд-тан астам қаржы тартылды

Экспорттағы төмендеуге ең алдымен минералды сектор әсер етті. Бұл бағыттағы түсім 3,3 млрд долларға азайды. Мұның басты себебі – әлемдік нарықтағы бағаның құлдырауы. 2025 жылы Brent маркалы мұнай шамамен бестен бір бөлікке арзандады. Сонымен бірге көлік құралдарының экспорты да айтарлықтай қысқарды. Бұл сыртқы сұраныстың бәсеңдегенін әрі қазақстандық өнімдердің бәсекелестік қысымға тап болғанын аңғартады.

Шикізат экспортының әлсіреуі салдарынан экспорт құрылымында шикізаттық емес тауарлардың үлесі қағаз жүзінде ғана өсті. Бұл өсім өндірістің нақты ұлғаюын емес, құрылымдық өзгерісті көрсетеді.

Соған қарамастан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өсім көрсетті. Астық, майлы дақылдар, жем-шөп пен дәрілік өсімдіктердің жеткізілімі артты. Бұл үрдіске әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен экспорт көлемінің кеңеюі ықпал етті.

Импорттағы өсім негізінен көлік құралдарына тиесілі болды. Автокөлік бағасының төмендеуі ішкі сұранысты жандандырып, сырттан әкелінетін техниканың көлемін көбейтті. Сонымен бірге азық-түлік пен химия өнеркәсібінің өнімдерінің де тасымалы үдей түскен. Бұл отандық өңдеуші салалардың ішкі сұранысты толық өтей алмай отырғанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жолын айтты

Жекелеген тауарлар бойынша бағалар да қымбаттады. Әсіресе шоколад пен какао өнімдері, тұрмыстық жиһаз және тоңазытқыш жабдықтар бойынша баға өсті. Сауда әріптестеріндегі инфляция деңгейі төмен болғанымен, нақты тауарлар қымбаттауы ішкі нарыққа импорт арқылы әсер етті.

Нәтижесінде таза экспорт 2025 жылы экономикалық өсімге тежеу болды. Валюта түсімі азайып, сыртқы нарыққа тәуелділік күшейе түсті. Бұл теңге бағамына қатысты күтулердің де сыртқы жағдайға байлана түсуіне ықпал етті.

Сарапшылардың пайымдауынша, экономикалық өсім біртіндеп ішкі сұраныс пен инвестицияға сүйенген үлгіге ауысып келеді. Алайда экспорттың шикізатқа тәуелділігі мен кей салалардың импортқа байлануы экономиканы сыртқы күйзелістерге осал етеді.

Жаңа Конституция – орнықты экономикалық өсімнің іргетасы: Олжас Бектенов Инвестициялық ахуал жөніндегі кеңес өткізді

Үкіметтің болжамына сәйкес, 2026 жылы экспорт 77,1 млрд долларға дейін қысқаруы мүмкін. Ал импорт, керісінше, 67,7 млрд долларға жетуі ықтимал. Мұндай жағдайда сауда балансының артықшылығы 9,4 млрд долларға дейін азаяды. Бұл сыртқы тіректің одан әрі әлсірейтінін және валюта нарығындағы тұрақтылыққа түсетін салмақтың күшейетінін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар