• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Алматы апорты Еуропа нарығына шығады

10 рет
көрсетілді

Қазақстанның символы саналатын Алматы апорты шетел нарығына шығарылады. Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Жақында Германияда өткен Grüne Woche 2026 халықаралық көрмесіне қатысқан қауымдастық, апортқа еуропалық серіктестердің қызыққанын айтты. Тек алма емес, одан жасалған өнімдер де еуропалықтардың назарына іліккен.

Бүгінде Алматы апортын өндірушілер қауымдастығына 8 шаруашылық кіреді. Жыл сайын олар 1500-2000 тонна өнім өндіреді. Әзірге экспорт көлемі төмен. Сондықтан жаңа меморандум тұрақты экспорт жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. 

Қауымдастық президенті Роман Сафаровтың айтуынша, Берлиндегі көрмеге сауда саясатын дамыту орталығының шақыруымен қатысқан.

«Апорттың басты ерекшелігі оның табиғатында. Бұл жаппай өсірілетін, ұзақ сақтауға арналған сорт емес. Апорт ірі, дәмі қанық, хош иісі ерекше болып келеді. Біздің алма бақтар теңіз деңгейінен 850 метрден жоғары орналасқан. Алманың дәміне таулы аймақтың климаты әсер етеді», дейді Роман Сафаров.

Берлинде өткен көрме апорттың экспорттық әлеуетін нақты көрсетті. Әсіресе, қосылған құны жоғары өңделген өнімдерге қызығушылық басым болған. Олардың қатарында пастила, алма чипсы, шырын, сірке суы және кептірілген алма бар.

«Алматы апорты географиялық көрсеткіш ретінде тіркелген. Бұл мәртебе оның табиғи ерекшелігін қорғайды. Алматының тау бөктеріндегі топырақ, таза су және температура өнім сапасын қалыптастырады. Географиялық көрсеткіш брендті шетелде премиум өнім ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді», дейді сауда саясатын дамыту орталығның бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Алмалықтағы апорт бағы

Меморандум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade ұйымы апорт өндірушілерді сыртқы нарықта сүйемелдейді. Халықаралық көрмелерге қатысу, келіссөз жүргізу және серіктес табу бағытында қолдау көрсетеді. Жүйелі жұмыс арқасында апорттың географиясы кеңейіп, қосылған құны жоғары ұлттық брендке айналады деп болжанып отыр.

Апорттың бәсі артады

Соңғы жаңалықтар