• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:05

Тәлімбақтар тапшылығы

0 рет
көрсетілді

Павлодар облысында биыл 7,8 миллион ағаш отырғызу жос­парланып отыр. Тәлімбақтардың жетіспеуіне байланысты көшеттердің біраз бөлігін сырттан сатып алу көзделген.

Ертіс-Баян өңіріндегі мемле­кет­тік орман қоры – 478,7 мың гектар. Оның 312,1 мың гектары орманмен көмкерілген. Орман ша­р­уашылығы саласында облыс әкімдігіне қарасты үш орман қор­ғау мекемесі жұмыс іс­тейді. Сонымен қатар өңірде екі рес­публикалық табиғат қор­ғау меке­ме­сі бар: «Ертіс орманы» резерваты және Баянауыл мем­ле­кет­тік ұлттық табиғи паркі.

– Өңір ормандарында негізінен қарағай, қайың, көктерек, терек, тал, жөке ағаштары кең таралған. Әсіресе Ертіс бойындағы қара­ғай­лы алқаптар аймақ­тың таби­ғи байлығы саналады. Табиғат қорғау мекеме­ле­рінде төрт тәлімбақ бар. Оның үшеуі – «Ертіс орманы» аумағында, біреуі Баянауыл ұлттық паркінде орна­ласқан. Алайда олар облыстың көшеттерге деген жылдық сұранысын то­лық қамтамасыз ете алмайды. Сон­дықтан қажетті көшеттер сырттан сатып алу және уа­қытша тәлімбақтар ұйымдастыру арқы­лы қам­тама­сыз етіледі, – дейді Пав­лодар облысының жер қой­­науын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары бас­қар­ма­сының басшысы Сағын Төлеутаев.

Мамандардың айтуынша, биыл жалпы аумағы 1 250 гектар жерге 7,8 миллион көшет отыр­ғы­зу көзделген. Оның басым бөлігі – қылқан жапырақты қарағай мен қатты ағаш тұқымдас қарағаш. Қазір көктемгі орман отырғызу науқанына дайындық жүріп жатыр.

– Мемлекет басшысының тап­сырмасы мен ормандарды молық­тыру бойынша бекітілген кешенді жоспар шеңберінде 2021 жылдан бастап мемлекеттік орман қоры айтарлықтай ұлғайып келеді. Тек былтыр өңірде 1 150 мың гектар алқапқа қылқан жапырақты және жапырақты тұқымдылардың 6,5 млн көшеті отырғызылған, – деп қосты С.Төлеутаев.

Ормандарды сақтау ағаш отыр­ғызумен шектел­­­­­мей­ді. Ауруға шалдыққан, зақымданған не­месе қура­ған ағаштарды уақ­ты­лы анықтап, санитарлық кесу жұ­­мыстарын жүргізу – орман­ның экологиялық тепе-теңдігін сақтаудың маңызды бөлігі. Об­лыста ірік­теп және жаппай сани­тарлық кесу жұмыстары тұ­рақ­ты түрде жүргізіледі. Мамандар орман өрттері мен заңсыз ағаш кесу деректері негізгі мәселе болып отыр­­ғанын айтады. Әсіресе құр­ғақшылық жылдары өрт қаупі күшейеді. Осыған байла­нысты алдын алу шаралары кү­шей­тілген. Кейінгі жылдары орман шаруа­шы­лықтарының материал­дық-техникалық базасы да едәуір нығай­ған. 2022–2025 жылдары 5 өрт автоцистернасы, 8 трактор, 10 шағын өрт кешені, 33 мотоцикл және өзге де арнайы техника сатып алынған. Биыл тағы 47 техника алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап орман шаруашылығы маман­да­ры­ның жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Бұл – саладағы кадр тапшылығын азай­ту­ға, мамандарды ұстап қалуға бағытталған шара.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар