Әнші Фарида Жолдасова жаңа Ата заң жобасына қолдау білдіріп, оның қоғам арасында белсенді талқылануы халқымыздың саяси мәдениетінің артып келе жатқанын аңғартатынын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Ол Ата заңның жаңаруын – Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді дамытуға бағытталған маңызды қадамға балайтынын жеткізді.
«Жаңа Конституция жобасының бүкілхалықтық талқылауға түсуі елдегі саяси мәдениеттің өсіп, ашықтық пен заң үстемдігінің орныққанын көрсетеді. Ата заңның жаңаруы – Тәуелсіздікті нығайтып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымыздың айғағы. Жаңа Ата заңымыз Қолданыстағы баптардың басым бөлігіне түзету енгізу қажеттілігі жаңа редакция қабылдауды заңды етті. Соның нәтижесінде Конституцияның мазмұны жаңарып, ел болашағына берік құқықтық негіз қаланып жатыр. Қазіргі күрделі кезеңде ішкі тұрақтылықты сақтап, жүйелі реформаларды жүзеге асыру – мемлекеттің басты жетістігі», деді Фарида Жолдасова.
Бұған дейін спорт және мәдениет өкілдері Ғұсман Қырғызбаев, Абиба Әбужақынова, Еркебұлан Дайыров, Бейбіт Сарыбай елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге қатысты пікірін білдірген еді.