Елімізде 15 наурызда республикалық референдум өтеді. Халықтың қолдауымен Ата заңымыздың жаңартылған нұсқасы қабылданады. Бұл өзгерісті қазақ қоғамы қызу талқылап жатыр. Осы орайда актер Ерболат Төлеген де өзінің пікірін білдірді, деп жазады Egemen.kz.
Актер 15 наурызда өтетін республикалық референдум мемлекетіміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды саяси оқиға екенін атап өтті.
«Ата заңымызға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отыр. Конституция – елдің негізгі заңы, тәуелсіздігіміздің тірегі, құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың кепілі. Сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс мемлекетіміздің даму бағытын айқындайды.
Бибісара Асаубаева: Еліміздің тұрақтылығына арналған реформаларды қолдаймын
Конституциямыз 1995 жылы қабылданып, сол уақыттан бері еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына негіз болып келеді. Алайда уақыт алға жылжып, қоғам да, талап та өзгеріп жатыр. Заман ағымына ілесу үшін, жаңа тарихи кезеңнің сұраныстарына жауап беру үшін Ата заңымызды жаңғырту қажеттілігі туындап отыр. Бұл өзгерістер еліміздің басқару жүйесін жетілдіруге, халықтың құқықтарын қорғауды күшейтуге және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған», деді Ерболат Төлеген.
Оның айтуынша мұндай маңызды шешімді қабылдауда әрбір азаматтың дауысы маңызды.
«Сондықтан референдумға қатысу – тек құқықтық әрекет қана емес, әрбір Қазақстан азаматының борышы. Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы, тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуі өз қолымызда. Ел тағдырына бейжай қарамай, белсенділік танытып, ортақ болашағымыз үшін дауыс беру – әрбір Қазақстан азаматының міндеті», деді ол.
Конституциялық реформа: Сенаторлар өңірлерге барады