«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында орналасқан түріктің «Nord Panels» компаниясы биыл наурыз айынан бастап ағаш қалдықтарын терең өңдеу жолымен әртүрлі көлемдегі жүктерге арналған ағашқап жасауды қолға алмақ. Компания жаңа жарақтарды сатып алу мақсатында «Солтүстік ӘӘҚ» АҚ-дан 670 млн теңге қарыз алған.
«Біз «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймаққа 2021 жылдан бастап кірдік. Бүгінге дейін фанералар шығарып келдік. Ағашты терең өңдеудің кластерін құрдық. Арнайы экономикалық аймақтың аумағынан 5 гектардай жер сатып алдық. Қазір аумағы 30 шаршы метрді алып жатқан заманауи зауытымыз жұмыс істеп тұр. Оның қуаты жылына 50 мың текше метрге тең фанера шығаруға жетеді. Өнімнің түрі сан алуан. Оның ішінде құрылыс, көлік және жиһаз жасауға қолданылатындары бар», дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Айваз Бакиров.
Жоғарыда айтқанымыздай енді кәсіпорын қалдықтардан ағашқаптар құрастыруды қолға алып отыр. Мұндайды дамыған елдер баяғыдан шығарады екен. Қалдықтан құрастырылатын болғандықтан тара ретінде қолданылатын ағашқаптардың өзінді құны төмен. Ағашқаптар термиялық өңдеуден өткендіктен олардан фитосанитарлық сертификат талап етілмейді. Яғни, қосымша шығынға жол берілмейді. Сондықтан экспортерлер өз жүктерін мұндай қапқа салуға қуана келіседі.
Ағашқаптың төменгі бөлігі мың тоннадай салмақты көтере алады, бұл оның беріктігін айғақтайды.
«Біз Қазақстанда бірінші болып осындай өндіріспен айналысуды қолға алып отырмыз. «Солтүстік ӘӘҚ» біздің бастамамызды қолдап, қарызды екі айдың ішінде рәсімдеп берді. Бұл өте жылдам уақыт деп санаймыз. Ақшаны аударған бойда Қытайдан алғашқы жарақтар келіп, қазір құрастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоспарымыз бойынша жылына 1 млн дана ағашқап өндіруді белгілеп отырмыз. Оны Қазақстанның барлық аймағына шығарамыз. Сонымен қатар алыс-жақын шетелдерге де шығару ойымызда бар. Осы жаңа өндірістің арқасында кәсіпорнымызда қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады», дейді А.Бакиров.
Айта кететін жайт, «Солтүстік ӘӘҚ» АҚ биыл облыс аумағында осымен төртінші инновациялық жобаны қаржыландырып отыр. Осыған дейін ӘӘҚ Петропавл қаласында жылыжай тұрғызу мен саңырауқұлақ егетін ферманы құруды қаржыландырған еді. Бұған қоса Айыртау ауданында құрғақ қымыз өндіретін зауытты қаржыландырған. Сонымен бірге Қызылжар ауданында жоңышқадан жемазық дайындайтын зауытқа да қаржы бөлген.
Солтүстік Қазақстан облысы