• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:38

Азық-түлік шығыны қай өңірде ең жоғары?

10 рет
көрсетілді

Бірқатар экономикалық көрсеткіштер ел тұрғындарының әл-ауқатының төмендеп бара жатқанын байқатады. 2025 жылдың төртінші тоқсанында еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың нақты табысы 2%-ға қысқарған. Сонымен қатар отбасылық бюджеттегі азық-түлік шығындарының үлесі айтарлықтай артқан, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық статистика бюросының зерттеулері негізінде жасалған есепке сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында халықтың шығынының 57,2%-ы азық-түлікке жұмсалған. Бұл – 2021 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін мұндай деңгей тек пандемияның алғашқы жылында (58%) тіркелген еді.

Салыстыру үшін айтсақ, дамыған елдерде азық-түлікке жұмсалатын шығын 10-15% шамасында ғана.

Аймақтар арасындағы айырмашылық

Кейбір өңірлерде жағдай одан да күрделі. 2025 жылдың маусым-қыркүйек айларында азық-түлік шығындарының үлесі:

Жетісу облысында – 65,8%; Түркістан облысында – 65,3%; Алматы облысында – 62,2%-ды құрайды. 

Бұл өңірлердің ортақ сипаты – аграрлық бағыт және экономикалық даму деңгейінің төмендігі.

Ал салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштер:

Қарағанды облысында – 50,6%; Солтүстік Қазақстан облысында – 51,4%;  Ақмола облысында – 51,8%.

Дегенмен, 50%-дан асатын көрсеткіштердің өзі еуропалық елдермен салыстырғанда өте жоғары.

Энгель заңы не дейді?

XIX ғасырда неміс статистигі Эрнст Энгель тұтыну құрылымына қатысты заңдылықты сипаттаған. Энгель заңы бойынша, отбасы табысы артқан сайын азық-түлікке жұмсалатын үлес азаяды. Ал табыс төмен болған жағдайда бюджеттiң басым бөлігі тамаққа кетеді.

Жұмыртқа мен сары май қымбаттаған: Жетісуда бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлер жауапқа тартылды

Яғни, азық-түлік шығынының жоғары үлесі – халықтың әл-ауқаты төмен екенінің маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші.

Қала мен ауылдың көрсеткіші қандай?

2025 жылдың үшінші тоқсанында ауылдық жерде азық-түлік шығындарының үлесі – 58,7%-ды, ал қалаларда – 56,5%-ды құраған. Бұл ауыл халқы табысының төмен екенін көрсетеді. Кейбір ауылдық өңірлерде бұл көрсеткіш 66,1%-ға дейін жеткен.

Қалаларда азық-түлік шығыны бір жылда 3,5%-дық тармаққа өскен. Ауылда өсім небәрі 0,7 тармақты құрады. Мұны ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылық арқылы өзін-өзі ішінара қамтамасыз етуімен түсіндіруге болады.

Нақты шығындар қалай өзгерді?

Қала тұрғындарының азық-түлікке жұмсаған қаражаты 15,5%-ға өсті. Ең көп қымбаттаған тағамдар:

Ет өнімдері – +22,3%;

Жеміс-жидек – +18,6%;

Көкөніс – +16,8%;

Май және тоң май – +16,4%.

Ал ауылда өсім 11% шамасында болды. Бір қызығы, ауылда қант, тосап, бал, шоколад пен кондитерлік өнімдерге шығын 5,5%-ға азайған. Қалада керісінше, бұл санаттағы шығын 7,2%-ға артқан.

Астанада арзан бағада азық-түлікті қайдан алуға болады?

Тамақтың ақшасы техникалық бұйымдардан үнемделген

Азық-түлік қымбаттағандықтан, әсіресе қала тұрғындары өзге тауарлардан үнемдеуге мәжбүр болған. Қалаларда азық-түлікке жатпайтын тауарлар үлесі 26%-дан 22,2%-ға дейін қысқарды. Жалпы шығын 240,9 мың теңгеден 220,2 мың теңгеге азайды. Сонымен қатар:

Автокөлік тауарлары мен жанармай шығыны – 30,2%; Телефон сатып алу – 19,1%; Тұрмыстық техника – 7,2%; Үй жөндеу шығыны – 19,3%; Жиһаз жаңарту – 2%; Дәрі-дәрмек шығыны 5,8%-ға өскен.

Ауылда жағдай сәл өзгеше. Мұнда сұйытылған газға шығын айтарлықтай жоғары (23,9 мың теңге, ал қалада – 2,4 мың теңге). Газ бағасы мен тұтыну көлемінің артуына байланысты шығын 20,4%-ға көбейген.

Бюджетті қайта бөлу үшін ауыл тұрғындары да техника, телефон және жөндеу тауарларына аз жұмсай бастаған. Бірақ киім-кешекке (7%) және автокөлікке қатысты шығындар (4%) өскен.

Бұл жағдай отбасылардың ұзақ мерзімді жоспарларын – жөндеу, техника алу, инвестиция, білім мен демалыс шығындарын кейінге шегеруге мәжбүр етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар