Қай күні Катонқарағай ұлттық паркіндегі жануарлар дүниесін қорғау бөлімін басқаратын Ерік Қасымов хабарласып, сүйінші сұрады. Сөйтсем, сол баяғы Сарыбетте төрт бірдей қар барысы фототұзаққа түсіпті. Расымен, Алтай тауында барыстың топтасып жүруі сирек.
Фототұзақ Аршаты ауылының арғы жағындағы Сарыбетке құрылған. Барыстың жемі сол маңда болған соң жымы да сол жерде. Оны жергілікті инспекторлар әбден зерттеген, меңгерген. Таутеке жайлаған жалама беткейдің биігінде бұған дейін де барыс бірнеше рет суретке түскен. Бұл жолғысы таңғаларлық. Төрт барыс деп отырғанымыз, үш күшігін ерткен ұрғашы барыс екен. Күшік дейміз, барыстың баласын қазақ алан деседі. Әлеуметтік желіде қарлы шыңда сырғи басып бара жатқан ілбістердің бейнесін көріп, дереу Аршаты орманшылығының әккі маманы Жомарт Аманбаевқа қоңырау соқтық. 2014 жылдан бері Алтайдың ала шұбар патшасын бағып жүрген Әділжан Қасымханов, Манарбек Омаров сынды жігіттер.
– Жанымда Болат деген жігіт бар. Фототұзақты тексеруге барып, бейнетаспаларды айналдырып көріп отырмаймыз ба, балпаң басып төрт барыс кетіп бара жатыр. Қуанғанымнан шапалақтап жібердім. Дәл мұндай кадр бұрын-соңды түсірілмеген. Бұл үлкен қуаныш, төккен теріміз ақталды, – дейді Жомарт Аманбаев.
Иә, бір ғана кадрға бола таудың ұшар басына жаяу-жалпы жетеді. Қия бетте тайғанақтап жүрудің өзі қиямет. Ауа қысымы екі өкпеңді күйдірсе, жалама тастар адымыңды аштырмайды. Сол үшін де барыс баққан батырлардың еңбегі ерен. Соны елестете отырып, Жомарт Аманбаевтан алған марапатыңыз бар ма еді десем, грамотам бар дейді. Шындығында нағыз еңбек адамдары осылар. Табиғатты қызғыштай қорып жүргендердің омырауларына қандай медаль тақса да жарасар еді. Алайда Аманбаев жолдас «жортып жүрген барысты түсірудің өзі маған марапат» демесі бар ма? Десе де, Алтайдың аң-құсын түгендеп жүрген мамандарды марапаттап отыру жоғарғы жақтағылардың ойында жүрсе екен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы