• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:10

Жүз дастанды жаттаған

0 рет
көрсетілді

Ықылым замандағы жыраулардың жүздеген дастанын жатқа білетін Бекарыс Көштаев «Алпамыс батыр» жырын төрт сағат тоқтаусыз айтып беруге әзір. Ұзын саны 300-ден астам жыр-дастанды жаттап алған ол қазіргі уақытта өнегелі ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Эпостық жырлардың бұлағынан қанып ішіп, домбыра үнімен әрлеген өнерпаз кейінгі толқынның да сабақтастықты үзбегенін, бабалардан қалған бай мұраны жалғағанын қалайды.

Ұдайы ізденіс үстінде жүретін азамат «қо­лымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкі­нетіндей көрінді. Кешіктім дегені сол, қазақ­тың қасиетті домбырасын 8-сыныпта шерте бас­тапты. «Бабалардан қалған асыл мұраны тым ертерек бойға сіңірген абзал. Сол тұрғыдан алғанда біршама уақыт кештеу қимылдаған сияқтымын. Ертерек іске кірісу керек еді», дейді ол өткен шаққа қарайлап.

Түркі жұртының әдебиетіне ерте бастан аңсары ауған ол Тоныкөк, Күлтегін дәуіріне дейін бойлаған. Қазақ сахарасының әйгілі жыраулары Бұқардың, Қабанның мұрасын қолынан келгенше ел ішінде дәріптеп, насихаттап жүр. «Қобыландыдан» бастап, Жамбылдың «Сұраншы батыр», «Қыз Жібек» секілді іргелі дастандарын қай кезде де тоқтаусыз жырлауға дайын.

«Қазақтың жыр-термелері – ұлты­мыз­дың ғасырлардан бері жалғасқан теңдессіз мұрасы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Қисса-дастандар, батырлар жыры кісі рухын жанитыны, санамызды сілкитіні анық десем, қателесе қоймаспын. Домбыраның немесе қобыздың сүйемелдеуі негізінде жарты ай бойы жырлайтын шығармалар болғанын бәріміз де жақсы білеміз. Мәселен, «Алпа­мыс батырды» жырлағанда ондағы баян­­дау­­­лар мен образдарды дәлме-дәл алып шы­­ғу керек. Тыңдарманды сендіре біл­­ген ләзім. Сол арқылы ерте замандағы тұл­­ға­­­­лар­дың өмір салтын бүгінгі буынға жет­кізе­сің.

Өзім әуелден Жетісу өңіріне тән мақам­дарға салғанды жөн көремін. Уақыт өткен сайын бірін әнші, бірін күйші, енді бірін жыршы деп өн бойына өнер дарыған азаматтарды түрлі санатқа бөліп жатырмыз. Алайда бұның бәрі түптің-түбінде синкреттік өнер ретінде уақытында бір адамның бойында болғанын қаперден шығармаған жөн шығар.

Ертеректе қазақ халқы түзде жүріп жыршы-тер­мешілердің өнерін тама­­шалаған. Олардың ерекше дауысынан, орын­­­дау­шылық мәнерінен айрықша әсер ал­ғаны тарихтан белгілі. Өзі бір театр­дың жүгін мойнына алған сол кездегі жыршы-термешілер жұртты жалық­тыр­мағаны анық. Қалтарыста қалып бара жат­қан сол дәстүрді қайта жаңғыртып, содан өзім де қанаттанып жүрмін. Ең бастысы, өнерге аңсары ауған жастар осыны түсінсе, сезінсе деген тілегім бар», дейді Бекарыс.

Кең тынысты эпостық жырларды таң­ды-таңға ұрып жырлайтын Бекарыстың орын­дауындағы термелер де жан тебірен­теді. Әр шығарманы жән-тәнімен беріліп орын­дағанда байырғы кезеңнің тыныс-тірші­лігін көз алдыңа айна-қатесіз әкел­гендей күй кешесің.

Елордадағы Еуразия ұлттық универси­тетінің жыршы ұстаздарынан тәлім алған Бекарыс өзі де шәкірт тәрбиелеуге ден қой­ды. Қазіргі уақытта облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орта­лығында үйірме ашып, тегін қызмет атқарып отыр. Шынашақтай балалардан бөлек, кәсіби мамандар да Бекарыстың алдына барып, жыр-дастан жаттап жүр.

«Осы кісіге келу арқылы таным көк­жие­гіміз ай­тарлықтай кеңи түсті. Бабалардан қалған бай мұрамыз жыр-дастандарды жаттаудың арқасында қазақ хал­қының ерте замандағы тыныс-тіршілігін, өмір салтын тереңірек түсіне бастадық. Біз сол жырлар­ды жатқа ­айтумен ғана шектелмейміз. Оның аста­рындағы тәлім­ге тереңірек бойлаймыз», дейді 8-сынып оқушысы Әсел Мұратқызы өз ойымен бөлісіп.

Жыр-дастанның қайнарынан қанып ішкен Бекарыс қазіргі уақытта ғылыми мақалалар жазуға ден қойған. Асқақ Алатау мен қарт Қаратау арасында табанының табы қалған жыраулардың шығармаларын түгендесем деген құлшынысы да көңіл қуантады. Тынымсыз ізденіс жолына түскен ол алдағы уақытта жыр-мақамдарды нотаға түсіріп, жинақ ретінде шығарғысы келеді.

«Бірнеше ондаған жылдың бедерінде бабалардан жеткен мақамдар орындалмай, назардан тыс қалып кеткендей көрінгені рас. Даңқты тұлғалардың домбыра шертісі де ғайып бола бастағандей еді. Мұндай кең тынысты шығармаларды жырлап беретін адамдар саусақпен санарлық. Бекарыс сол санаулының бірі әрі бірегейі десем, қателеспеймін. Бабалардың байырғы жолын да, өнерін де ел ішінде қолдан келгенше жаңғыртып, насихаттап жүрген азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді облыстық айтыскер ақындар, жыр­шы-термешілер орталығының басшысы Ахметжан Өзбеков.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар