• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Күрес Бүгін, 08:35

Алты балуан жеңіс тұғырына көтерілді

10 рет
көрсетілді

Сербияның астанасы – Белградта күрес түрлерінен «Zagreb Open» турнирі аяқталды. Жарыста еліміздің 30-дан аса балуаны күш сынасты.

Еркін күрес шеберлерінің сайысында жалғыз Камиль Круглиев (97 кг) өнер көрсетті. Бастапқы бәсекеде Камиль мажарстандық Ричард Вехке есе жіберді. Сөйтіп, жерлесіміз жарысты ерте аяқтады.

Әйелдер күресінен өткен бәсекеде құрлық­тық деңгейдегі додаларда жүлде алып жүрген Зейнеп Баянова (50 кг), Ирина Кузнецова (62 кг), Гүлмарал Еркебаева (76 кг), қыздар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Нилуфар Раимова (57 кг) белдесті. Алғашқы айналымда Зейнеп ресейлік Елизавета Смирноваға қайрат көрсете алмады. Ирина мен Гүлмарал жапониялық Нонока Озаки мен Ясуха Матсукиден ұтылды. Нулфар үндістандық Маниша Манишаға есе жіберді.

Грек-рим күресінен 27 балуанымыз боз­кілемге шықты. Солардың арасынан бе­сеуі жеңіс тұғырына көтерілді. 50 кг сал­мақ­­тағы Аманғали Бекболатов пен Ербол Қамалиев үшінші орын үшін сайыста әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, жапониялық Юи Шиотани мен жастар арасындағы кадеттер мен жастар арасындағы әлем біріншілігінің финалисі, ирандық Сажад Жавид Аббаспураганиден айласын асырды. 72 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Алматбек Аманбек шешуші тұста құрлық чемпионы, өзбекстандық Аброр Атабаевты жолынан ығыстырды. 82 кг салмақтағы Ибрагим Магомадов америка­лық Джесси Портерді ұтты. Аса ауыр салмақ­тағы Олжас Сырлыбай грузиялық Рати Таликишвилиден басым түсті.

Жоғарыда есімдері аталған жерлестері­міздің барлығы да қола медаль иеленсе, 97 кг салмақтағы Ислам Евлоевке күміс жүл­де бұйырды. Жартылай финалда әлем, Еуропа чем­пионаттарында екі рет жүлде алған Сербияның атақты балуаны Михаил Каджаяны қапы қалдырған отандасымыз финалда әлем чемпионатының финалисі, 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы, мажарстандық Алекс Шокеден жеңілді.

Бір өкініштісі, осы жарысқа қатысқан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев (82 кг), әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали (63 кг), әлем чемпионатының жүлдегерлері Ержет Жарылқасын (67 кг) сынды белді балуандарымыз жүлделі орындардан тыс қалды. Саңлақтарымызға жаңа салмақ жақпады. Алғашқы айналымда Ержет түркиялық Мұрат Фираттың, ширек финалда Айдос молдовалық Виталий Еременконың, Демеу ирандық Мұхаммед Реза Мохтаридің осал тұсын таба алмады.

Соңғы жаңалықтар