Президент тапсырмасына орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Абай университеті мен Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі арасында экологиялық жобаларды іске асыру бойынша келісім жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық университет басшылығымен кездесуінде «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов «Таза Қазақстан» жобасы аясында бірлесе атқарылатын жұмыстарға тоқталып, ортақ ұсыныстар мен жоспарлар талқылады.
Жалпыұлттық жоба шеңберінде іске асатын жобалар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғау, тазалықты насихаттаумен байланысты болмақ. Өз кезегінде университет басшылығы «Таза Қазақстан» жобасы аясында оқу орнында іске асып жатқан экологиялық ғылыми зерттеулерге тоқталды.
Кездесуде Ұлттық паркті тәжірибе алаңына айналдыру мәселесі қозғалып, табиғи нысандар, биоалуантүрлілік пен экожүйелерге қатысты мәліметтерді талдау арқылы студенттердің зерттеу қабілеттерін арттыру, бірлескен оқу-әдістемелік құралдарды бірлесіп әзірлеу барысы талқыланды. Мұнымен қоса Ұлттық парктің деректер қорын ғылыми айналымға енгізіп, оқу үдерісінде пайдалану мәселесі де айтылды.
Екі жақ бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында меморандумға қол қойды. Ендігі кезекте Іле-Алатау ұлттық паркінің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар аясында студенттер жаңа технологияларды пайдалана отырып, экологиялық, танымдық және туристік бағыттағы бастамаларды жүзеге асыратын болады. Алдағы уақытта студенттер экологияны жақсартуға арналған цифрлық жобаларды іске асыратын болады.