• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:37

Мұғалім жұмыссыз қалмайды

0 рет
көрсетілді

Шымкентте педагогтерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара аясында педагог мәртебесі бар мамандарға бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ мұғалімдерге конкурсқа қатысудың рәсімі түсіндіріліп, құжаттарды электронды платформаға жүктеу бойынша кеңес берілді.

Шымкент қалалық білім басқар­масы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаеваның айтуынша, бос жұмыс орындары бірыңғай «Қарқын» жобасының бір бағыты «Сана» платформасының көмегімен анықталды.

«Бұл электронды тұғырнаманы 2025 жылдың қыркүйегінен бастап іске асырып келеміз. Платформа арқылы сынып қалыптасып, әр пәннен қанша сағат бар екені белгілі болады. Сол сағаттар кейін мұғалімдерге үлес­тіріледі. Платформамен сағат­тарды бөлу барысында көпте­ген олқылық анықталды. Яғни мұға­лімдер 56 сағатпен жұмыс істеп келген. Тіпті 16 сағаттан екі мектепте сабақ берген. Заң бойынша мұғалім 1 жүктемемен ол 16 сағат немесе әрі кетсе 1.5 жүктемемен, яғни 24 сағатқа дейін ғана жұмыс істей алады. Осы артық сағаттардың бәрін жинақтап, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырдық. Артық жүктеме беріп, бос жұмыс орындарын жа­сыр­ған – мектептің бірінші басшы­ла­ры. Сондықтан жауапкершілік тіке­лей солардың мойнында. Осыған қа­тысты прокуратура кейбір директорларға тәртіптік жаза қолданған. Ал бүгінгі іс-шараға келсек, университетте JPI бойынша 3,8 балмен бітірген түлектер конкурссыз жұмысқа қабылданады», деді Г.Дәрібаева.

Сонымен бірге «Сана» бағдар­­ла­масымен 1166 бос жұмыс орны анықталған. Негізінен химия, биология, математика, бастауыш сынып­тарға орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді. Кон­курс­тың әділ, ашық өтуіне білім бас­қармасы кепілдік береді. Бүгінгі таңда мегаполисте 164 мемлекеттік, 138 жекеменшік мектеп жұмыс істейді.

Бұл мәселені арнайы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те айтқан болатын. Оның мәлім­деуінше, педагогтерді негізсіз жұмыстан шығару бұдан кейін орын алмайды. Жұмыстан босаған маман мәселесімен тікелей өзі айналысатынына уәде берді. Керісінше, қала әкімдігі мектеп басшыларына тәлімгерлік бастаманы қолға алуды жүктеп отыр. Ол бойынша мектептер жаңадан қабылданған мамандарды білікті педагог дәрежесіне жеткенше жан-жақты қолдау көр­­сетеді. Сондай-ақ С.Құранбек қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің ұйға­ры­мымен үздік 100 мұғалімге грант тағайын­далғанын жеткізді. Ол грант «Сапалы білім» жобасының қоры­­тын­дысы бойынша үздік атанған мұғалімдерге беріледі. Яғни олардың жалақысына үстеме ретінде 200 мың теңге қосылады. Мұндағы мақсат – білікті кадрлар арқылы білім сапасын жақсарту. С.Құранбектің айтуынша, Шымкентте сапалы білім беретін мектептер саны өте аз. Тіпті онға да жетпейді. Сондықтан білім беретін ұйымдардың да түрлі гранттар арқы­лы мәртебесін көтеру жоспарда бар. Сәрсен Абайұлының пікірінше, қалада мұғалімдер кадрына тапшы­лық жоқ. Себебі мегаполистегі педагог мамандығын даярлайтын жо­ғары оқу орындары, колледждер сұраныстың орнын толтырып отыр. Оған педагог болып жұмыс істеген шеттен келетін қандастарды қосыңыз. Дей тұрғанмен, ол мамандардың жұ­мысқа тұра алмауына бірінші кезекте бос жұмыс орындары конкурсын дер кезінде өткізбеген мектеп басшылығы кінәлі дейді. Оның үстіне жыл сайын қала әкімі өз тарапынан жоғары оқу орындарына 285 грант бөледі. Бүгінге дейін бірде-бір мектептен өздеріне қажетті мамандарға грант бөлу туралы ұсыныс келіп түспеген. С.Құранбек өз сөзінде жас педагогтерді көбірек жұмысқа тарту керектігін атап өтті. Өйткені оның ойынша жаңа технологияны жылдам меңгеретін жас кадрлар білім саласында өзара бәсекелестік туғызып, ұстаздар тәжірибесінің артуына үлес қоспақ. Сонымен бірге ол мегаполисте нақты қанша мұғалім мамандығына тапшылық барын бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен кейін белгілі болатынын мәлімдеді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар