Енді елімізде экономикалық қылмысқа қатысы бар адамдар мен компаниялар арнайы тізімге енгізіледі. Қаржылық мониторинг агенттігі осыған қатысты жаңа тәртіп әзірлеп, оны «Ашық НҚА» порталында жариялады. Бұл бастама қаржы-құқық саласындағы ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік ортадағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа құжатта экономикалық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы дәлелденген жеке, заңды тұлғаларды арнайы реестрге енгізу мен одан шығару тәртібі нақты көрсетілген. Яғни, кімнің, қандай негізде, қашан тізімге алынатыны және қай уақытта шығарылатыны анық жазылған.
Сонымен қатар реестрде қандай мәліметтер сақталатыны да белгіленген. Қандай ақпарат енгізіледі, ол деректер қанша уақытқа дейін сақталады, қандай жағдайда өшіріледі деген мәселелердің бәрі құжатта қамтылған. Бұл реттеу жүйесі қаржы-бақылау жұмысын жүйелеуге көмектесуі тиіс.
Қылмыстық қудалауға тартылған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 0,3%-ға қысқарды
Агенттіктің түсіндіруінше, бұл тізім ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қажет. Қоғам мен кәсіпкерлер экономикалық қызмет саласындағы қауіп-қатерді алдын ала біліп, сақтану мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ бұл реестр қаржылық мониторинг аясындағы іс-шараларды тиімді жүргізуге арналған құрал ретінде пайдаланылмақ.
Құжат жобасы қазір ашық талқылауға шығарылған. Азаматтар мен ұйымдар өз пікірін білдіре алады. Талқылау мерзімі 19 ақпанға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде ұсыныстар мен ескертпелер қабылданады.