• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қаңтар, 2026

Нипах вирусы анықталған жағдайда Алматы әуежайы қалай әрекет етеді?

20 рет
көрсетілді

Алматы халықаралық әуежайында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға арналған ведомствоаралық оқу-жаттығу өтті. Негізгі мақсат – аса қауіпті жұқпалы аурулар, соның ішінде Нипах вирусы анықталған жағдайда қызметтердің әрекет ету дайындығын тексеру, деп жазады Egemen.kz.

Жаттығу жиынына қатысқан ұйымдар

Оқу-жаттығуға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, жедел медициналық жәрдем, инфекциялық стационар мамандары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, кеден және полиция өкілдері, сондай-ақ әуежай әкімшілігі тартылды. Бұл – мемлекеттік шекара арқылы өтетін жолаушылар легінде биологиялық қауіптің алдын алуға жауапты барлық құрылымдардың бірлескен іс-қимылын үйлестіруге бағытталған шара.

Дәрігерлер де дәрменсіз: Үндістанда емі жоқ вирус тарады

Шартты науқас және нақты алгоритм

Оқу-жаттығудағы сценарий бойынша әуежайда Нипах вирусына күдік тудыратын жолаушы анықталды. Қызметтер бастапқы санитариялық-карантиндік бақылаудан бастап, жолаушыны оқшаулау, медициналық тексеру, инфекциялық стационарға жеткізу, эпидемияға қарсы және дезинфекциялық шараларды жүргізуге дейінгі барлық кезеңді нақты алгоритмге сай орындады.

Оқу барысында әрбір қызметтің жауапкершілік аймағы, ақпарат алмасу тетіктері және жедел әрекет ету уақыты пысықталды. Мамандардың үйлесімді жұмысы қауіпті инфекциялардың ел аумағына таралу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Жаңа қауіпті вирус: Үндістаннан келген адамдар ерекше бақылауда болады

Үйлесім мен жауапкершілік

Оқу-жаттығу қорытындысы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті. Қолданыстағы іс-қимыл алгоритмдері әлеуетті биологиялық қатерлерге жедел ден қоюға жеткілікті екені расталды. Іс-шара соңында өткен жұмыс кеңесінде атқарылған жұмыстар талданып, өзара ықпалдастықты одан әрі күшейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Мұндай оқу-жаттығулар мемлекеттік шекараның санитариялық қорғау жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Олар елдің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халық денсаулығын қорғауға бағытталған.

2025 жылы санитариялық-карантиндік бақылаудан 7,2 миллион жолаушы өткен. Оның ішінде 86 адамнан эпидемиологиялық қауіптіліктің жоғары белгілері анықталып, барлығы медициналық тексеруден өткізілген. Аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

Вирустық инфекциядан барынша абай болыңыз!

Соңғы жаңалықтар