28 қаңтар күні Шымкентте ер адам жеке басараздығына байланысты әйелді пышақтап кеткен. Жәбірленуші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында жан тапсырған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құзырлы органдарға оқиға туралы хабарды куәгерлер жеткізген. Қалалық полиция департаменті күдіктіні оқиғаның ізін суытпай ұстады. Алайда ұстау операциясы кезінде қарсылық көрсеткен күдіктіге полиция қызметкерлері қолданыстағы заң талаптарына сәйкес табельдік қару қолдануға мәжбүр болған.
«Күдікті медициналық мекемеге жеткізілді және полицияның күзетінде. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», делінген қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Еске салайық, 11 қаңтар күні сағат 18:40-та Шымкенттегі Төлеметов көшесі бойындағы №69/39 үйдің маңынан Нұрай Серікбайдың мәйіті табылған еді. Кейіннен марқұмның ағасы күдіктінің Нұрайдың әр қадамын аңдығанын мәлімдеді.
Бұл іске немқұрайлы қараған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сталкинг құрбаны болған қыздың өліміне қатысты іске Мемлекет басшысы назар аударып, ІІМ мен Бас прокуратураға тікелей бақылау жасауды тапсырған еді.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласында жол апатынан кейін туындаған жаппай төбелес салдарынан бір адам қаза тауып, төрт күдікті ұсталғанын хабарлағанбыз.