Диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізу шетелдік клиникаларға жіберілетін балалар санын екі есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есеге, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарды. Жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетіліп жатыр. Биыл протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады.
«Біз ми ісіктері мен тамырлы патологияларды бір сатылы емдеу үшін гибридті операциялық бөлмелерді енгізіп жатырмыз. Қызметті жаңғырту аясында 36 балаға «гамма-пышақ» аппаратында радиохирургиялық операциялар жүргізілді. Жыл сайын 400 балаға есту импланттары орнату бойынша операциялар жасалады, орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Жоспарланған іс-шаралардың барлық кешені азаматтардың шетелге емделуге жіберілуін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді», деді министр.
«Қазақстан балалары»: Тұжырымдама балаларға қатысты қандай мәселелерді шешеді?
Сондай-ақ министр мектептердегі медициналық пункттерді дефибрилляторлармен жабдықтау және стоматологиялық кабинеттерін ашу мәселелеріне тоқталды.
«Мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкімдерден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. Алдағы 3 жыл ішінде қосымша 862 стоматологиялық кабинет ашуды жоспарлап отырмыз», деді Ақмарал Әлназарова.
Министр сондай-ақ елімізде нәресте өлімі екі жылда 13%-ға төмендегенін атап өтті.