Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінің қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.
Демократия қағидаттарын орнықтыру бағыты
Үкімет басшысы демократия қағидаттарын орнықтыру, идеологиялық тұтастықты қалыптастыру мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру басты міндетке айналғанын алға тартты. Бұл бағыттар елдің заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұру қабілетін күшейтіп, ұлттық дамудың ұзақмерзімді бағытын айқындайды.
«Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы болып табылатын бастамаларын жария етті. Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту туралы ұсыныстар саяси жүйемен қатар, азаматтардың мәдениетіне де демократиялық қағидаттарды біржолата орнықтыру үдерісі жүріп жатқанын білдіреді», деді О.Бектенов.
Премьер-министр Мемлекет басшысы айқындаған идеологиялық тұғырларға да ерекше тоқталды.
«Еліміздің заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды. Бұлар – қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарына деген мызғымас ұстаным. Ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан» да негізгі құндылықтардың қатарында тұр», деді Үкімет басшысы.
Осы идеологиялық қағидалар Мемлекет басшысы белгілеген реформалардың практикалық мазмұнын толықтырады.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық құрылтайда айтылған Президент тапсырмаларын орындауға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Вице-премьер ең алдымен Мемлекет басшысы айқындап берген негізгі қағидаттар – «Заң және Тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасатынын айтты. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжей реттеуге қатысты жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді», деді А.Балаева.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу мен бекіту қажеттігі туралы айтқан тапсырмасын ведомство орындауға кіріскенін баяндады. Оның сөзінше бұл жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациялау жобалары енгізілетін болады. Экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, «таза көмір» технологиялар негізіндегі жаңа көмір генерациясының жобаларына ерекше назар аударылады.
«Президент жаңа кен орындарын іздеу есебінен табиғи газдың әлеуетін күшейтуді тапсырды. Газ саласының ұзақмерзімді ресурстық базасын нығайту мен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Қазір шамамен 515 млрд текше метр газды алдын ала ресурстық бағалаумен жер қойнауының 14 учаскесінде жұмыс жүргізіліп келеді», деді Е.Ақкенженов.
Сонымен қатар Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев сала жұмысы туралы баяндай келіп, теміржол инфрақұрылымы ауқымды дамып жатқанын айтты. Бүгінде Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол құрылысы жалғасуда. Алтынкөл – Жетіген, Жезқазған – Сексеуіл учаскелер жаңартылып жатыр. Нысандардың құрылысы биыл бітеді.
Ал Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Солтүстік Арал теңізінің ауданын 34 км³-ге дейін, ал оның аумағын 4-5 жыл ішінде 3 913 шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин «Деректерді өңдеу орталығының алқабы» жобасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Саяси бастама мен нақты міндеттер
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Үкіметке және мемлекеттік құрылымдарға айқын әрі қатаң талаптар қойды. Премьер-министр барлық сала бойынша нақты нәтижеге жұмыс істеу керек екенін шегелеп айтты.
«Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талап қойды. Бұл өмірдің барлық саласына қатысты. Әрбір министр мен әкімнен, әрбір сала мен өңірде көзге көрінетін нақты нәтижелер керек», деді О.Бектенов.
Бұл тапсырмаларды орындау үшін Үкімет пен өңірлерге бірқатар нақты міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, біріншіден, жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалар жиынтығы ретінде қабылданбауға тиіс. Премьер-министр Серік Жұманғаринге бизнес қауымдастық пен азаматтардан түсетін ұсыныстарды жинап, сарапшылармен талдап, жүйелі ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Өңірлер бұл жұмысқа белсенді тартылуы қажет.
Екіншіден, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты белгіленді. Президент елімізді жаһандық цифрлық экономиканың экожүйесіне енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект министрлігі «Digital Qazaqstan» бағдарламасында үздік тәжірибелерді енгізіп, мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтары алқабын құру жобасы шұғыл жүзеге асырылуы керек. Премьер-министр көзбояушылыққа жол берілмейтінін, нақты нәтиже талап етілетінін айтты.
Үшіншіден, энергетика саласында көмір генерациясы мен жаңа ЖЭО жобалары іске асырылмақшы. «Самұрық-Қазына» қорына Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысын келісім-шарттар арқылы бекітіп, сәуірде құрылысқа кірісу тапсырылды. 2-ші ГРЭС-ті кеңейту ерекше бақылауға алынады. Бұған қоса Курчатов пен Екібастұздағы жобалардың техникалық құжаттамасы аяқталуға тиіс. Энергетика министрлігі бір ай ішінде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны Үкіметке енгізеді.
Мемлекет басшысы геологиялық барлау, көмірсутек кен орындарын игеру мен газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосу міндетін қойды. Осыған байланысты мұнай мен газдың жаңа кен орындарын игеру жоспары ақпанға дейін дайындалуға тиіс, ал газ өңдеу жобаларының кестесі ай сайын жеке бақылауда болады.
Төртіншіден, көлік саласы бойынша халықаралық әуе бағыттарын кеңейту, ұлттық карго-тасымалдаушы қызметін дамыту, авиаотын бағасын реттеу мен әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру ұсынылады. Теміржол саласында биыл «Қызылжар – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Алтынкөл – Жетіген» мен «Жезқазған – Сексеуіл» жобалары аяқталуға тиіс.
Бесіншіден, ЕАЭО шеңберіндегі жосықсыз бәсекелестікке қатысты шағымдар ескеріліп, отандық өндірушілерді қорғау тапсырылды. Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге екі апта ішінде экспортты ілгерілету мен өнімді нарыққа шығару бойынша жүйелі тәсіл ұсынуы қажет.
Алтыншы бағыт – Арал мәселелері. Су ресурстары министрлігі биылғы 30 маусымға дейін Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңін дайындап, жыл соңына дейін қаржыландыруды, оның ішінде халықаралық көздер есебінен шешуге тиіс. Сондай-ақ БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастама ілгерілетіледі. Қазақстанның су-энергетикалық ресурстары картасы да биыл әзірленеді. Президент ұлттық ғылыми әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алып, ғылыммен нақты жұмыс жүргізуді тапсырды.
Министрліктер мен өңір әкімдіктеріне жүктелген міндеттер ел экономикасының инфрақұрылымдық, технологиялық және әлеуметтік базасын күшейтуге бағытталған. Әсіресе энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы жобалар жаһандық нарықпен ықпалдасу үшін қажет. Сарапшылар бұл бағыттардың елдің ұзақмерзімді экономикалық дербестігін қамтамасыз ететінін айтады. Себебі өңдеу саласы, транзиттік әлеует және цифрлық қауіпсіздік XXI ғасырдағы басты бәсекелік фактордың біріне айналған.
Идеологиялық құндылық пен қоғамдық қауіпсіздік
Жетінші бағыт – «Заң және Тәртіп». Құрылтайда бұл қағидаттың өзектілігі ерекше аталды. Ішкі істер министрлігіне ақпан айына дейін алаяқтықтың әлеуметтік, экономикалық және цифрлық түрлерін анықтау, жолын кесу мен ашу бойынша жүйелі шаралар ұсыну тапсырылды. Иммиграциялық алаяқтық пен шетел азаматтарының заңсыз тұруын заңдастыру арналарына тосқауыл қою бағыты да енгізілді. Премьер-министр заң үстемдігі мен жазаның бұлтартпаc қағидатын сақтау барлық деңгейде тұрақты жүргізілуге тиіс екенін айтты.
Сегізінші бағыт – дәстүрлі құндылықтар, отбасы институты мен мемлекеттік рәміздер. Президент зиянды контент пен ерсі қылықтарды насихаттауға жол бермеу, неке мен отбасын нығайту міндетін қойды. Әділет министрлігі тиісті актілерге талдау жүргізеді. Мәдениет министрлігі мемлекеттік рәміздерді пайдалану жүйесін жетілдіруге кіріседі. Бұған қоса Алматы, Ақтөбе, Қызылорда мен Абай облыстарында театр құрылысы қаржыландырылады, ал Алматыдағы театрлар реконструкциясы жыл соңына дейін аяқталмақшы. Биыл еліміздің бірқатар нысандары мен Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімі басталады.
Бұл бағытта идеологиялық саясаттың мәдени кодпен тығыз байланыста іске асады. Дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып модернизациялану – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселе. Елімізде бұл үрдіс отбасылық институтты нығайту, зиянды ақпараттық ағындарға тосқауыл қою, ұлт мұрасын халықаралық деңгейде танымал ету сияқты тетіктер арқылы жүзеге асып отыр. ЮНЕСКО тізіміне ұлттық нысандарды енгізу де осы жұмыстың бір бөлігі саналады.
Тоғызыншы бағыт – білім беру саласы. Президент білімді қаржыландыру тетігін шұғыл реформалауды тапсырды. Жекеменшік элиталық мектептерді мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылады, ал қаражат тек өңірлердегі оқушы орны тапшылығын жоятын мектептерге бағытталмақшы. Жекеменшік оқу орындарына лицензиядан кейінгі бақылау жүргізіліп, нәтижесі баяндалады.
Оныншы бағыт – медицина саласы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігіне беріледі, тексерулер басталды, кінәлілер жауапқа тартылады. Қордың ақпараттық жүйесі 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіне интеграцияланады. Бұл қаржыны ашық әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымның нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Әрбір басшы дербес жауапты болады. Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім бақылауға аламын», деп түйіндеді Премьер-министр.