Ұлттық Құрылтайға Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты 130-дан аса өтініш келіп түскен. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, ІІМ мен Бас прокуратураға тікелей бақылау жасауды тапсырды, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қыз алып қашу адам ұрлығына тең қылмыс екенін атап өтті.
«Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей қоқан-лоққы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық департаментіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды», деді Президент.
Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр.
Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде Арал теңізі мәселесіне тоқталып, оның жаһандық маңызын атап өтті.
Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Бурабайдағы құрылтайдан кейін 6 заң қабылданып, 10 заң жұмысқа алынғанын жеткізді.
Бұған дейін Шымкентте көпқабатты үйдің алдынан жас қыздың мәйіті табылғанын және марқұмның туыстары әділ сот шешімін талап еткені туралы хабарлағанбыз.